Өнер академиясындағы өрт кезінде тілшілерді жұдырықтаған студенттер жәбірленушілерден кешірім сұрады деп хабарлайды 7 арна.
Сондай-ақ олар оқудан қуылмайды. Себебі, білім ошағының басшылары бұзақылық жасаған жігіттер мен ұстаздарға тек сөгіс жариялаумен шектеліпті. Сонымен қатар, олар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайтын болды. Өйткені, айыптылар жәбірленушілердің алдынан өтіп, арнайы кешірім сұраған.
Білім ордасының басшысы бұзақылық жасаған төрт студентке қатаң ескерту жасапты. Егер олардың ерсі қылығы енді қайталанса оқудан шығарылатынын ескерткен.
«Эмоцияға беріліп, абыр-сабыр болып жатты. Өз-өзімізді ұстай алмадық. Студенттер атынан біз үлкен кешірім сұраймыз. Мынандай істегенімізге кейіннен өкіндік», – дейді студент Шерхан Перназаров.
Сондай-ақ, Өнер академиясының ректоры студенттерден бөлек «Театр өнері» факультеті мен тәрбие ісі жөніндегі проректорға да қатаң сөгіс жариялаған.
Олар бір жыл бойына сыйақыдан қағылып, қалт кетсе қызметтен қуылатын айтыпты. Алайдабасы бәлеге қалған декан әлі де болса өзін кінәсіз сезінетін секілді.
«Видеоны көрген кезде бірінші студенттер ұрмаған. Көп нәрсе әркім өзінше өз ұпайын жеңу үшін жасайды. Жазбада біздің айтқан сөздеріміздің көбі жоқ және өздерінің анайы сөздерін алып тастаған», – дейді Жүргенов атындағы Өнер академиясының «Театр өнері» факультетінің деканы Аман Құлбаев.
Естеріңізге салайық, бұл білім ошағындағы өрт 20 наурыз күні тұтанып, қызыл жалын 450 шаршы метр аумақты шарпыды. Оқиға орнына барған тілшілерді мұндағы студенттер соққының астына алып, жағдайды ушықтырған еді. Қалай десек те, бұл оқиға бойынша қозғалған қылмыстық іс қысқартылды.
Себебі, студенттерден таяқ жеген тілшілер жазған арыз-шағымдарын қайтарып алыпты. Сондықтан, өнер ұжымы енді өрттің зардаптарын жоюға алаңсыз кіріспек.