28 наурыз күні Астанада «Жер сағаты» акциясы өтеді

0
190
28 наурызда сағат 20:30 адамзат тарихындағы ең бұқаралық «Жер сағаты» акциясы өтеді. Әлемнің түрлі елдеріндегі адамдар климаттың өзгеруімен күрес идеясына қолдау көрсету үшін бір сағатқа жарықты сөндіреді. «Хан Шатыр» СОО сағат 19:30-21:30 аралығында «Жер сағатына» арналған флешмоб өтеді. Биыл «Жер сағаты-2015» акциясы «Ұлттық ағаш отырғызу күні» аясында ұйымдастырылады. Мақсаты – ормандарды қалпына келтіру, қалаларды көгалдандыру, Қазақстанның орман байлығын сақтап, көбейтудегі қоғам мүддесін дамыту, орманды қалпына келтіру жобаларына ресурстар тарту. Былтыр акция әлемнің 160-тан астам мемлекетінде 2 миллиардқа жуық адамды қамтыған болатын. Сағат 20:30 BIG BEN, Сидней опера театры, Ыстамбұлдағы Көк мешіт, Афинадағы Акрополь, Ватикандағы Әулие Петр шіркеуі, Париждегі Эйфель мұнарасы, Нью-Йорктегі Empire State Building және Times Square, Ниагара сарқырамасы, Лос-Анджелес халықаралық әуежайы, Алматыдағы Көктөбе телемұнарасы, «Хан Шатыр» СОО, «Бәйтерек» монументі және «Ақорда» Президент резиденциясы секілді әлемнің көрнекті жерлерінде жарық сөндірілді. Сондай-ақ 28 наурыз күні сағат 20:30-да «Ұлттық академиялық кітапхана», «Транспорт Тауэр» әкімшілік-технологиялық кешені, «Астана Опера» театры және Есілдің сол жағалауындағы барлық архитектуралық ансамбльдерде жарық өшіріледі. Барлық қазақстандықтарды «Хан Шатыр» СОО өтетін «Жер сағаты» республикалық флешмобына қатысуға шақырамыз. Шара барысында «Туған жер» тақырыбында фотокөрме өткізіліп, сарапшылар эко-әдеттер, эко-бастамалар бойынша баяндамалар жасайды, эко-сайыстар ұйымдастырылып, жанды этно-музыка орындалады. «Жер сағаты» – Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының жаһандық акциясы (WWF). Бұл – табиғатты аялаудың, ғаламшарымыздың шектеулі ресурстарына деген қамқорлықтың символы. «Жер сағаты» акциясы аясында әлемнің әрбір елінде адамдар бір сағатқа электр жарығын өшіріп, сол арқылы климаттың өзгеруімен күрес идеясын қолдайтындықтарын білдіреді.

Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/56066-ty-aktsiyasy-tedi

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз