13 наурызда Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Зимунай ауылы маңында Қазақстан азаматтары болған автобус жол-көлік апатына ұшыраған. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі мәлімдеді. Апат салдарынан Қазақстанның 2 азаматы қаза тауып, 19 азаматымыз түрлі деңгейдегі жарақат алды. 14 наурыз күні оқиға орнына ҚР Сыртқы істер министрлігінің Үрімші қаласындағы Паспорттық-визалық қызметінің, сонымен қатар 15 наурыз күні Қазақстанның Бейжіңдегі Елшілігінің Консулдық бөлім қызметкерлері келіп жеткен. Олар қазақстандықтарға жан-жақты көмек көрсету мақсатында жергілікті мемлекеттік органдармен тиісті келіссөздер жүргізді. Қаза тапқан екі азаматымыздың туған-туыстарына мәйіттерді Қазақстанға жеткізуге қажетті ұйымдастыру шараларында көмек көрсетіліп, олар 16 наурыз күні елімізге жеткізілді. Ауыр жарақат алған азаматтарымызға хирургиялық операция жасау үшін қытайлық тарап арнайы Алтай және Үрімші қалаларынан мамандарды шақыртты. Қытай тарапына көрсеткен көмектері үшін алғысымызды білдіреміз. Қазіргі таңда Қазақстанның 11 азаматы Зимунай ауылының ауруханасында жатыр. Алған жарақаттардың деңгейіне байланысты (қабырға, омыртқа сынуы және т.б.) оларға төсекте жату режимі белгіленген. Министрлік жапа шеккен азаматтарымыздың туыстарына жедел виза рәсімдеуде қолғабыс көрсетуде. Қытай аумағында болу мен емделуге байланысты шығындарды «Синдэ» тасымалдаушы компаниясы өз мойнына алып отыр. ҚР Қытайдағы Елшілігі аталған жағдайды ерекше бақылауға алып, жергілікті билік органдарымен байланыс орнатқан. Жол-көлік оқиғасына қатысты тергеу жұмыстары жүргізілуде. ҚР Сыртқы істер министрлігі бұл іс бойынша әділ шешім шығару үшін мәселені қадағалап отыратын болады. Министрлік жаңа ақпараттар келіп түсуіне байланысты қосымша хабарлайтын болады.
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-i-a/item/56069-me-berdi