Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданы Ақдала ауылында Наурызға арналған іс-шара аяғы жастардың жанжалына ұласып, ақыры атыспен аяқталды.
Кесірінен бес адам жараланып, 33 жастағы Бағдат есімді азамат көз жұмған. Күдікті үш азамат әлі қолға түспеген деп хабарлайды 31 арна.
Оқиға ауылдағы мектептің спорт залында болған. Наурызға қатысты іс-шарада өткізілген волейбол мен футбол жарысының ақыры ауыл жастарының арасындағы жанжалға ұласып, атыспен аяқталған. Күдікті үш жігіт бес баланы жарақаттаған. Бағдат сол күні қайтыс болған.
Ақдалалық Клара Үсенова ұлының атыс қаруынан қайтыс болғанын естігенде жүрегі тоқтап қала жаздапты. Ай -күннің аманында ауылда атыс болғаны тек бізді ғана емес, бүкіл ауыл жұртын үрейлендіріп тастады дейді.
Тұрғындар қорқынышы әлі де сейіле қоймаған. Себебі, есімдері нақтыланған үш күдікті әлі бостандықта жүр екен. Ауыр жарақат алғандардың бірі Қуандық есімді жігіттің анасы қорқыту әрекеті тоқтамай отыр дегенді айтады.
Оқиға орнынан бірнеше оқ табылған. Атыс қарулары әзірге жоқ. Құзырлы орындағылар үш күдіктінің де есімдері белгілі болғанын айтады.
Дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалып, барлық тиісті шаралар атқарылып жатыр. Прокурорлар мен полициядағылар қылмысқа қатысты 34 жастағы жігіт пен оның қасында болған екі жиенін жуық арада қолға түсіретіндеріне сенімді.
Сондықтан құзырлы орындағылар мен жергілікті билік қайтыс болған Бағдаттан бөлек жарақат алған төрт азаматтың туыстары мен ауыл жастарына тыныштықтық сақтауды өтінуде.