Елімізге белгілі педагог танымал волейболшы Сабина Алтынбекованы қазақ қыздарының беткеұстары ету дұрыс емес деген пікір айтты.
Бұл туралы Abai.kz-ке сілтеме жасай отырып NUR.KZ хабарлайды.
Білім және ғылым министрлігі құрмет грамотасының иегері, белгілі ұстаз Тоғайбай Нұрмұратұлы Abai.kz-тегі мақаласында бұл жайтқа біраз ашулы екендігін байқатқан.
«Біздің Сабина қызымызды қытайлықтар неге мақтады дейсіз. Қазақта Сабинадан өткен керемет сұлулар да жетерлік. Бұл жерде Сабинаның сұлулығы әңгіме емес, Қытай мемлекетінің қырық миллион еркекке қазақтан әйел тауып беру саясаты бүркемелініп жатыр. Сондықтан, олар Сабинаны қазақ қызының айнасы етіп көрсетіп отыр», – дейді ұстаз.
Оның ойынша, миллиондаған қазақ қыздары бұл саясаттың құрбаны болуда.
«Шетелдіктердің «қазақ қыздары сұлу, әдемі» деп өтірік мақтағанына түсінігіміз жетпегеніне қапалымын. Қай ата-бабамыз өз қыздарын шетелдіктерге көрсетіп мақтанған еді? Олар тауар ма еді, мал ма еді? Қазақстанның «бренді» енді қазақ қыздары болғаны ма?», – дейді оқытушы.
Ұстаздың пайымдауынша, қазақ қыздарының біразы осындай аспанға көтерушіліктің кесірінен қазақ жігіттерін менсінбей, өзге ұлтқа тұрмысқа шығуда.
«Масқараның басы емес пе? Алла Пугачеваның немересіне күйеуге шығады деген қазақ қызының жайы не болды? Ұлтарақ секілді табанына басып жүрді де, жылуы кеткесін лақтырып тастады» – деп оқытушы бұл жайтты да сынға алды.
Нұрмұратұлының ойынша, аруларымызға айтылған бұл мақтау шын жүректен шыққан сөз емес, құйтырқы саясат екен.