Алматы облысында бір емес, екі мәрте көлік басқан қаршадай қыз көз жұмды деп хабарлайды 31 арна.
Әжесі кішкентай Айлинасын жоқтап отыр. Кішкене күнінен әр қылығын жаттап өскен, бес жасар бүлдіршінін әбден сағынды. Алғыр, ақылды немересінен ақпанның 16 күні қапыда айырылып қалған. Туған күніне жеті-ақ күн қалғанда, Айлинам – адам қолынан қаза тапты, – дейді Гүлсім Қадешқызы.
Қаршадай қызды қайтпас сапарға аттандырған оқыс оқиға барлығының жанына батқан. Тіпті, бүлдіршіннің соңғы сәттері оқиға болған нысандардың бірінің бейнебақылау камерасына түсіп қалыпты.
Жол жиегінде тоқтап тұрған ақ түсті Лексус көлігі артқа жүріп, балалы әйелді қағып кетеді, бір емес, екі мәрте
Оқиға бойынша Айлина анасымен және бауырымен жолдан өтіп бара жатады. Жол жиегінде тоқтап тұрған ақ түсті Лексус көлігі артқа жүріп, балалы әйелді қағып кетеді, бір емес, екі мәрте. Қаралы отбасы мүшелері, қаршадай қыздарының өліміне кінәлі азаматтың алдымен қамауға алынып, артынша бостандыққа шығып кеткеніне наразы.
Онсыз да қайғыдан қан жұтып отырғанда, күдіктінің анасының, қайта-қайта «елден қарызға жинап келдім» деп ақша ұсынғаны да ашындырып отыр дейді.
Ал Алматы облысы ішкі істер департаментіндегілер, күдікті Өтеген Мақсат Мұхтарұлының кепілдеме арқылы бостандықта жүргенін айтып отыр.
Ал Алтынбек болса, жол оқиғасы кезінде анасының екінші қолынан жетектеп келе жатқан ұлының басы ауыратынын және әлі күнге көлік көрсе, шошитынын айтады. Жары Баянның үшінші омыртқасы сынып, ем қабылдауда.
Сайындар отбасы, бүгін-ертең қырық күндігін таратуы тиіс тұла бойы тұңғышы – Айлинасының өте алғыр болғанын айтады. Тіпті, қаршадай қыз, өзінің қысқа ғана ғұмырында бірнеше жетістікке жетіп, марапат алып үлгерген екен. Енді өзінің биші болғысы келетін кішкентай арманын да өзімен бірге ала кетті.