Порошенко: Біз Қырымды қайтарамыз

0
154

Украина Президенті Петр Порошенко жуырда Ресейдің Қырымды тартып алғанына бір жыл өтуіне байланысты өз ұстанымы мен пікірін, алдағы елдік мақсат-мұратын білдіретін көлемді мақала жариялады. Сол мақаланың өзекті деген тұстарын оқырманға ықшамдап ұсынып отырмыз.


 Осыдан бір жыл бұрын көршіміз әрі бір кезгі әріптесіміз Ресей украиндық Қырымның территориясын басып алды. Бір жыл бұрын ресейлік  «спецназ» жергілікті парламентті күштеп отставкаға жөнелтіп, өзгеше ойлайтындардың аузын буып, артынша референдум өткізіп жіберді. Олар осы арқылы өздерінің түбекті басып алғанын жасырған-сымақ болды.

Мұның бәріне мына мен куәмін. Ешқашан ұмытпаймын және кешірмеймін. Бір жыл бұрын Қырым астанасы Симферопольға келгенде «жасыл киімді» адамдарды көрдім. Негізінде, олар басынан бақайына дейін қаруланған кәсіби әскер-тұғын. Бетін тұмшалап алған, үстіндегі формасы да өзгеше. Бұлардың Кремль жөнелткен шаш ал десе, бас алатын жандайшаптар екені белгілі еді.
Одан бері көп нәрсе өзгерді. Бізде. Елдің Шығысына қауіп төнді. Ресейдің әскери қолдауына арқаланған террористер Донбассты қаңыратып кетті. Кезінде қандай қала еді… Қазір қираған үйіндісі ғана қалды. 6 мың адам қаза болды. 1 млн адам баспанасыз қалды. Қоныс ауыстырды.
Өткен айда Минскі келісіміне қол қойғанда Ресейге ақыл кірер деп ойлағанмын. Олай болмайды. Атылған оқтың даусы әлі де естілуде.

 Біз беріскен жоқпыз.

 Өткен жыл табысты болды. Ел екі мәрте еркін әрі әділ сайлау өткізді. Жемқорлыққа қарсы күресті бастап кетті. Бұл жалған ұран емес. Билікті орталықсыздандыру саясаты жүріп жатыр. Әділетсіз соттарды арамыздан қудық. Былайша айтқанда, Украина Еуропалық стандартқа ұмтылуда. Бірақ, Украинаның Шығысындағы қантөгіске және Ресейдің Қырымды басып алғанына көз жұма қарай алмаймыз.

Сіз Қырым тек Украинаның мәселесі деп ойлайсыз ба? Қателесесіз. Сонау Екінші дүниежүзілік соғыстан бері (70 жыл өтті ме?) бір ел халықаралық құқықты табанға таптап, бір елдің территориясын тартып алды. ХХІ ғасырда!
Қырымды басып алған Ресейдің әрекетін көрген көптеген ел қазір өз ядролық қаруын қалыптастыруды ойластырып жатыр. Неге? Білесіз бе? Түбекті тартып алған Кремль 1994 жылы украин, орыс, америка және ағылшын әріптестері қол қойған қауіпсіздік туралы Будапешт меморандумын бұзды, үзді. Сайып келгенде, әл-қуаты аз елдер қауіпсіздікке қатысты шетелдік кепілдіктерге сенуден қалды және ендігәрі сенбейтін болады. Одан да оларға өз ядролық қаруы болғаны тиімді.
Кремльдің халықаралық құқықты бұзғанын айттым. Шындығында, олар украиндықтардың өз жерінде өмір сүру мүмкіндігіне тұмсық тықты. Мәскеу күшті. Мойындаймыз. Өзгеше ойлайтындарды өлтіре салады, еркін ақпараттың аузына қақпақ қою оған түк емес. Қазір Қырымдағы Ресей азаматтығын қабылдағысы келмегендерді шетелдіктердің қатарына қосып, оларды көшіріп жібермекке әрекеттеніп жатыр.

Қырымның құны қанша?

Ресей қаржы министрлігінің мәліметінше 1 жылда Ресей Федерациясының қорынан Қырым республикасы мен Севастопольге 125 млрд рубль бөлінген екен. Яғни, күніне шамамен жарты млрд рубль бөлінген. Ендеше, Ресей экономикасы үшін Қырымның құны қандай, есептей беріңіз.

Татарлардың тағдыры

Бәрінен бұрын, түбектің байырғы тұрғындары қырым татарларына обал. Олар Сталиннің тұсынан бері орыс билігінен көрмегенді көрді. Бірақ, бұл жолы қорыққан жоқ. Кремльге қарсы шықты. Қазір Мәскеу олардың барлығын бақылауға алған. Қадамын қалт жібермейді.
Татар белсенділерінің біразы із-түссіз жоғалып кетті. Көпшілігі өлді. Татар көшбасшысы Мұстафа Жеміловті ауа көшіріп жіберді, онымен қоймай, оған өз жеріне келуге тыйым салды. Ресей билігі қырым-татар халқының Меджлисін жауып тастады. Бұл татарлардың мүддесін қорғайтын бірден-бір ұйым болатын.
Варварлық әрекеттер әлі азайған жоқ. Меджлистің кеңселерін тіміскілеу, діни кітаптарды кәмпескелеу, мәдени ескерткіштерді қирату жалғасып жатыр.

Жемілов мырза былай дейді:

– Бүгінгі Қырымдағы қуғын-сүргін Кеңес одағы кезіндегі қудалаудан әлдеқайда қорқынышты.
«Қызыл империяның» түрмесінде отырған және осы зұлым империяға қарсы азаматтық құқығын қорғап, әлем тарихында ең ұзақ аштық жариялаған адам осылай дейді. Кеңес кезінде мұның бәрін кім жасап жатқаны белгілі болатын. Ал қазіргі жағдайда бұған жауап беретін адам жоқ. Жүйенің кейпі көлеңкеленген.

Қазір Ресейде Қырымның Украинаға тиесілі екенін айтқан адам автоматты түрде қылмыскерге айналады. 5 жылға бас бостандығынан айырылады. Осы отарлауға қарсы шыққан қырымдық киноматографист Олег Сенцов әзір Ресей түрмесінде жатыр. Оны террорист деп айыптапты.

Ойдан шығарылған орыс мәдениетін қорғаймыз деген себеппен Кремль қазір түбектегі өзге мәдени ошақтарды қиратып, бүлдіріп жатыр. Бір кездері украин тілінде тәлім берген бүкіл Қырым мектептері қазір орыс тіліне көшкен. Аз уақыттың ішінде. Онымен қоймай, «Қырымдағы Киев патриархатының Украиндық православ шіркеуін қиратамыз» дейді.

2014 жылдың 27 наурызында  БҰҰ-ға мүше 100 мемлекет Украинаның территориялық тұтастығын қолдап және Қырымды біздің елдің бір бөлшегі ретінде санайтындарын айтып дауыс берді. Халықаралық қауымдастықтың бізге қолдау танытқанын ұмытпаймыз әрі бағалаймыз. Біз Қырымды қайтарамыз.

Ол Украинаның ажырамас бөлшегі және солай болып қалмақ. Агрессорды түбектен қуып тынамыз күндердің күні. Қырым Украинаға қайтады. Бүйтпесек біз өз халқымыздың алдындағы абыройымыздан айырыламыз. Халықаралық құқықты сақтауда және жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Қырымды Украинаға қайтару әзіргі билікке жүктелген ең басты міндет. 

http://www.dalanews.kz/comment/petr-poroshenko-biz-kyrymdy-kajtaramyz/

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз