Маңғыстау облысында көтерілген шаңды дауылдан таяқ тастам жердің өзі көрінбей қалған. Қолайсыз ауа райының салдарынан бүгін таңертең «Ақтау-Жетібай-Жаңаөзен» тасжолында бір топ жұмысшы мінген автобус жол апатына ұшырады. Оқиға сағат 07:00-де болған. Daewoo-BH 117 автобусы желдің қатты ұйытқуы мен жолдың дұрыс көрінбеуі салдарынан оң жаққа қарай ауып кетіп, аударылып түскен. Абырой болғанда, автобуста болған 24 адамның барлығы дін аман. Түрлі дене жарақатын алған бір адам облыстық ауруханаға, тағы үш тұрғын Жетібай кентіндегі ауруханаға жеткізілді. «Қазір науқастардың жағдайы жақсы» дейді облыстық ІІД баспасөз қызметкерлері. Techno Trading LTD ЖШС жұмысшылары Жетібайдағы кен орнына жұмысқа кетіп бара жатқан болатын. Аймақта тіркелген шаңды дауылға байланысты қалааралық және ауданаралық тасжолдар жабылды. Бұл туралы аймақтағы Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері хабарлады. Естеріңізге сала кетейік, бүгін таңертеңнен бастап Маңғыстау облысында шаңды дауыл тұрып, қала, ауыл көшелері көрінбей қалды. Жел екпіні секундына 25 метрге дейін жеткен. Ауа температурасы 10 градус жылылықтан 1 градус аязға бір-ақ төмендеді. «Осы жағдай 31 наурызға дейін сақталады» дейді Маңғыстау облысындағы Гидрометеорология орталығының қызметкерлері. Ал төтенше жағдай мамандары тұрғындарды ірі ғимараттардан алыстау жүріп, абай болуға шақырады. Жергілікті халық мұндай шаңды дауылдың соңғы 10 жылда көтерілмегенін айтады. Шаңның қалыңдығынан алдағы 50 метр жер көрінбейді. Тұрғындар есік-терезелерін қымтап, үйінде отыр. Көшеде жүрген жан баласы жоқ, тым-тырыс. Авторы: Гүлмира Әбішева
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-i-a/item/56294-yrady