Ауыл тұрғындары баспанасыз қалған жандарға үй салып беруде

0
88
Жамбыл облысының Меркі ауданындағы Ақтоған ауылында баспанасыз қалған жандарға асарлатып үй салып беру игі дәстүрге айналған. Тұрғындары ұйымшыл елді мекенде осындай 6 отбасына жаңа үй салыныпты. Негізінен, көпшілік жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі жандар мен көпбалалы отбасыларға және жағдайы төмен жанұяларға қол ұшын береді. Нұрия Жылқаманова – Ақтоған ауылының тұрғыны. Өткен жылы тозығы жеткен үйінің қабырғасы қақырап құлап қалған еді. Шарасыз жанды көрген жұрт ұйымдасып қол ұшын берді. Қазір ол ауылдастарының арқасында ұядай үшбөлмелі үйде тұрады. Оның жаңа шаңырағына ауызсу, газ, тіпті телефон желісі де жүргізілген. Көршілеріме алғысымды айтып жеткізе алмаймын дейді ауыл тұрғыны. Нұрия Жылқаманова, Ақтоған ауылының тұрғыны: – Бұрынғы үйім құлап қалды. Ел, жұрт біледі. Жағдайым болмады. Өзім жалғызбастымын. Балам болса қайтыс болып кеткен. Осы ауылым, төркіндерім, көршілерім төңіректегі бәрі жәрдем берді. Игі іске ауыл жастары, көршілер, тіпті сабақтан тыс уақытта мектеп оқушылары да атсалысады. Бірі баспананың іргетасын, екіншісі қабырғасын қалайды. Ал енді бірі шатырын жауып, сылақ жүргізеді. Ал құрылыс материалдарына кеткен қаржыны осы ауылдың кәсіпкерлері мен жомарт жандар көтереді. Олжабай Қосыбаев, Ақтоған ауылдық округінің әкімі: – Осы уақытқа дейін алты үй салынды. Оның бәрі осы ауылдың аптал азаматтарының арқасында. Ел-жұрттың ұйымшылдығы арқасында көмек беру дәстүрге айналып келе жатыр. Биыл да бір үй 5 баласы бар жанұяның үйін жөндеп беруді жоспарға енгізіп жатырмыз. Биыл ауылда тағы бірнеше үй салу жоспарланып отыр. Жер аяғы кеңіп, күн жылысымен құрылыс басталады. Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Рауан Байкенже, Бақытжан Бапаев

Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/56285-a-j-saluda

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз