Қазақстандағы Ислам тарихы

0
155

«Қазақстандағы ислам: тарихы және қазіргі кезең» тақырыбында Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтында «Ежелгі және орта ғасырдағы Қазақстан мен іргелес елдер тарихы» бөлімінің ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті.

Басты баяндамашы бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы К.Ө. Торланбаева Қазақстандағы исламның таралуы мен рөлі және оның басты кезеңдерін талдай отырып, жалпы қазақ қоғамындағы ислам дінінің алатын орнына ғылыми тұрғыдан пайымдау жасады.

Институттың жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қ.З. Өскенбай XIII ғ. аяғы–XIV ғ. басындағы Жошы ұлысындағы исламдандыру мәселесін баяндау барысында Берке мен Өзбек хандардың исламды қабылдауы, одан әрі Мөңгу-Темір, Тұда тұсында тереңдей еніп, Тоқта ханның ресми қабылдауын ал-Муфаддал секілді араб дереккөздері негізінде баяндады. Сондай-ақ сол дәуірдегі ислам дінінің қазақ даласында кеңінен таралуын олардың өз тиын ақшаларында – күміс дирхемдерінде де хан есімінің мұсылмандық титулды білдіретін сұлтандық және лақап атымен (гийас ад-дин) қоса берілетіндігінен де байқауға болатындығын айтты. Өзбек хан билік еткен жылдарында Жошы ұлысында ислам мемлекетттік мәртебеге ие болып, мұсылмандық кеңінен өрістеді.

Әріптестерінің ойын жалғастырған Институттың ғалым хатшысы, PhD доктор А.П. Ермұхамедова XI-XII ғғ. Ұлы селжұқтар дәуіріндегі медреселердің, оның ішінде медресе-низамиялардың қызметі, міндеті мен ерекшеліктерін саралай келе, оның негізін салған Абу Али аль-Хасан ибн Али ибн Исхак ат-Туси (1017/18-1092), тарихта Низам әл-Мүлк есімімен танылған селжұқ визирінің және оқытушылары мен шәкірттерінің сунизмді дамытудағы рөліне тоқталды. Медресе-низамиялардың қызметіндегі мына ерекшеліктерді атап өту қажет секілді. Бұл оқу орнында, ең алдымен, оның негізінің қалануында мемлекеттік бюджет қолданылды; қаржыландырудың 3 түрі – вакуф, жеке тұлға және мемлекеттік қолдау жүрді; медресе сыныптар, мешіт, кітапхана, жатақхана, асхана, монша, базар, т.с.с. тұтас кешендік сипатта болған; тыңдаушылар шәкіртақы, ал оқытушы еңбекақы алды; тыңдаушылар тегін білім алып, жатақхана, азық-түлік және киіммен қамтамасыз етілген; ең үздік тыңдаушылардан оқытушының ассисенті таңдалды (Ланкастерлік жүйе); оқытушы мен пәнді таңдау мүмкіндігі; сырттан оқытушы шақырту жүйесі; өте бай кітапхана қорының болуы сол дәуірдегі озық ғылыми ойлармен ерте танысып, пікір таластың жиі өткізілуіне мүмкіндік туғызған; сабақтар дәріс, түсіндіру және пікір сайысы түрінде өткіліді; діни пәндер мен қатар дүнияуи білім (светтік) пәндер де оқытылып; дипломдар берілді.

Институт директорының ғылыми істер жөніндегі орынбасары, т.ғ.к. Н.Ә. Атығаев отандық тарихнамада исламның зерттелу деңгейін айта келе, XV-XVII ғғ. Қазақ хандығында исламның таралуы мен дамуы мәселесін зерттеудегі агиографиялық шығармалардың, яғни әулиелердің өмірі мен қызметіне арналған діни әдебиеттердің, маңызы мен мәніне, олардың дінді насихаттауда алатын орнына сараптамалық тұрғыдан баға берді.

Сонау ғасырлардан бері тамырланып, халықтың рухани өмірінің  Қазақ жерінде жүргізілген отарлау, орыстандыру саясаты негізінде ислам дініне көрсетілген қысым мен шоқындыру мәселелерінің шиеленісті жағдайда жүргізілгендігін баяндаған институт директорының орынбасары, т.ғ.д. С.О. Смағұлова, дін мәселесіне қатысты ХІХ ғ. соңы – ХХ ғ. басында туындағын ұлт зиялыларының пікірлері мен тұжырымдарын саралап, дінге деген қоғамдық көзқарастарды, кеңестік кезеңде қалыптасқан діни ахуалға сипаттама жасай келе, қазіргі тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстандағы орын алған күрделі саяси-экономикалық жаңарулар мен өзгерулер ағымында мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылатын халқымыздың рухани өмірі мен діни көзқарастары да жаңа сипатта толығып қана қоймай, енді бір жағынан әралуан бағыттар бойынша дамып, бүгінгі көптеген этникалық топтар мен түрлі діндерді ұстанатын зайырлы Қазақстан қоғамының қалыптасуына ықпал етіп отырғандығына тоқталды. Сондай-ақ сөз соңында, бүгінгі қазақстандық қоғамда, әсіресе әлеуметтік-саяси өмірдің көптеген саласында діннің әсері күшейіп, діни білім саласы дамып, оның қаржы және материалдық базасы нығаюына қарамастан республика жұртшылығының күнделікті өмірінде діни бірлестіктердің ықпалы артып, өзге ағымдардың да тез өріс алып отырғандығын; сырттан келген діни бірлестіктердің Қазақстандағы миссионерлік және насихаттау әрекеттері жандана түскен шақта қоғамтанушылардың атқарар міндетінің арта түсетіндігін де айтып өтті

«Дөңгелек үстел» барысында сөз алған ғылыми қызметкер Қанай Өмірбектің «Қытайдағы қазақтардың 1950 жылдарға дейінгі медреселері» атты баяндамасын қатысушылар қызығушылықпен тыңдады. Баяндамашы Қытайдағы қазақ медреселердің тарихы ХІХ ғ. басынан басталып ХХ ғасырдың 50-60-шы жж. дейін бала оқытқандығын нақтылы мәліметтер негізінде жеткізді. Мысалға, Қытайдағы алғашқы қазақтардың медресесі Керей инашы аталған Мұхаммед Мухмин жағынан 1835 жылы Қыран өзені бойында ашылып, жылына 20-30 баладан оқытқан. Шеттегі қазақтардың медреселерінің жұмыс істеуіне сол заманада билік ұстаған Қожамжар төре, Мәйітұлы Жуанған би, Көкенұлы Жұртбай билермен қатар танымал ақындар Ақыт Үлімжіұлы, Шілбі Көмекұлдары да үлес қосқан.

Сондай-ақ Кеңес билігі орнағаннан кейін шекара асқан, кезінде Алаш қайраткерлері А. Байтұрсынұлы, М. Дулатовпен үзеңгілес болған Сейітқазы Нұртаев және Райымжан Мәрсеков, Зият Шәкәрімұлы, Әнуар Қалбанов, Ғазиз Нұрмұхамбетұлы қатарлы ұлт зиялылары да медреселердің жұмысына барынша атсалысқан. Әсіресе, Зият Шәкәрімұлының 1931 жылдан сондағы медресе істеріне кеңінен араласуы қазақтың ұлы ғұлама ақыны Абай мен оның ізін жалғастырушы Шәкәрім Құдайбердінің мұралары мен озық ойларының кеңінен таралуына үлкен ықпал еткендігін әсерлі жеткізді.

Баяндамашы сөз соңында ХІХ ғ. басы-ХХ ғ. ортасына дейінгі аралықта Қытай қазақтары арасында кеңінен таралып, жұмыс істеген медреселердің сол тұстағы жалпы ислам дүниесімен тығыз байланыста болып, ондағы ислам дінінің кең қанат жаюына, сондай-ақ қазақтардың рухани өсуіне дәнекерші болып қана қоймай, кейінгі жаңаша оқу-ағарту орындары – мектептердің негізі болып жалғастығын тапқандығын айтып өтті.

 

Зирабүбі ТӨЛЕНОВА,

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы

Тарих және этнология институтының

жетекші ғылыми қызметкері,

тарих ғылымдарының кандидаты

http://www.dalanews.kz/ozek/kazakstandagy-islam-tarixy/

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз