91 жасында өмірден озған Сингапурдің тұңғыш премьер-министрі Ли Куан Юді ел халқы бүгін ақтық сапарға шығарып салды. Ол аралдағы мемлекетті 31 жыл басқарды. Гүлдендірді. Әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосты. «Сингапур экономикалық кереметінің әкесі» атанған ұлы көшбасшы, әйгілі саясаткерді ақтық сапарға шығарып салуға арналған мемлекеттік шеру сағат 12:30-да басталды. Табиғаттың тосын мінезіне қарамастан, парламент ғимаратына жиналған қарақұрым халықтың санында есеп жоқ. Сингапур қарулы күштерінен жасақталған әскери топ Ли Куан Юдің денесін ескі парламент үйінен бастап, қаланың орталығындағы тарихи маңызы бар әрі ең көрікті жерлермен алып өтті. Мемлекеттің негізін қалаған марқұмды соңғы сапарға шығарып салу рәсімі Сингапур ұлттық университетіне қарасты мәдени орталық университетінде өтті. Көшбасшыны жерлеу рәсіміне АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон бастаған бір топ делегат қатысты. Көрші мемлекет Малайзияның королі Абдул Халим Муадзам Шах, Австралияның премьер-министрі Тони Эббот пен Жапонияның премьер-министрі Синдзо Абэ сияқты басқа да бірқатар елдің басшылары арнайы барып, орны толмас қайғыға ортақ болды. Наурыздың 23-інде дүние салған Ли Куан Ю әрбір Сингапур азаматының жадында, жүрегінде мәңгі сақталуы тиіс. Көсемнің елге сіңірген толассыз еңбегін айтып, аза тұтқан халық сүйікті басшысын күңірене отырып соңғы сапарға шығарып салды. Авторлары: Айнұр Бердібай, Шарунизам Сапи
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/lemde/item/56307-ysty