Маңғыстау облысында вахташылар мінген автобус ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдың дұрыс көрінбеуінен және қатты желдің әсерінен аударылып қалды.
Фото: tumba.kz
Бұл туралы Маңғыстау облысы ІІД-нің баспасөз өкілі Азамат Сәрсенбаев Лада порталына хабарлады.
Жол-көлік оқиғасы 29 наурыз күні шамамен таңғы сағат 7 де республикалық Ақтау-Жетібай-Жаңаөзен тасжолында болған.
ІІД-нің баспсөз хатшылығының мәліметінше вахташылар мінген Daewoo-BH 117 автобусы қатты желдің әсерінен сондай-ақ, жолдың дұрыс көрінбеуі салдарынан жолдың оң жақ бетіне қарай аударылған.
Автобус Ақтаудан Жетібайға қарай бағыт алған. Жол апатынан бір жолаушы түрлі дене жарақаттарын алып облыстық ауруханаға жіберілген. Сонымен бірге тағыда үш жолаушы Жетібай ауылының аудандық ауруханасына жүгінген.
Абырой болғанда жолаушылардың алған жарақаты өмірлеріне ешқандай қауіп төндірмейтінін Азамат Сәрсенбаев атап өтті.
Оның айтуынша автобуста 24 адам болған. Олардың барлығы Жетібай ауылындағы вахталық жұмысқа бет алған “Техно-Трейдинг ЛТД” ЖШС-нің жұмысшылары екен.
Еске сала кетсек, Маңғыстау облысында 29 мен 30 наурыз аралығында ауа райының күрт төмендейтіні айтылған. Метеролгатрдың айтуынша осы аралықта облыс аумағында күшті жел тұрып, бұрқасын болмақ.
Дереккөз: NUR.KZ