Араб мемлекеттерінің лигасы біріккен әскери күш құру туралы келісті. Бұл туралы Мысыр президенті Әбдел Фаттах әс-Сиси мәлімдеді. Барша араб елдеріне ортақ жедел әрекет ету жасағының құрамы алдағы айда толық талқыланады. Алдын ала мәліметтер бойынша, оның құрамында 40 мың сарбазбен қоса ұшақ, кеме және оқ өтпейтін машина сияқты арнайы техникалар болады. Халықаралық ұйым мүшелерінің саммитінде қабылданған қарарда «әскери контингент ерікті түрде құрылады және ешбір ел оның құрамына кіруге мәжбүрленбейді» делінген. Біріккен әскери күштің басқару штабы не Каирде, не Эр-Риядта орналасады. Араб мемлекеттері лигасы бас хатшысының айтуынша, бұл ұйым «Ислам мемлекеті» атауын жамылған радикалды топпен қоса Ливия мен Йемендегі бүлікшілермен де күресу үшін құрылмақ. Набиль әл-Араби, Араб мемлекеттері лигасының бас хатшысы: – Йеменнің жағдайы қазір құрдымға кетіп барады. Осы орайда араб мемлекеттері және халықаралық бірлестіктер жұмыла отырып, тиімді шаралар қабылдауы тиіс. Шиеленістерді бейбіт түрде шешіп, заңды билікті қалпына келтіруге атсалысуымыз қажет.
Источник: http://www.24.kz/kz/zhanalyktar2/lemde/item/56335-h-rma