Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ислам Кәрімовке Өзбекстан Республикасының президенті лауазымына қайта сайлануына байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
“Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы бауырлас қарым-қатынастар стратегиялық ынтымақтастық деңгейінде нығая түсетініне кәміл сенемін”, – делінген дүйсенбідегі Ақорда сайтында жарияланған жеделхат мәтінінде.
Жеделхатта сайлау нәтижелері Кәрімовтің халық алдындағы беделінің, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және Өзбекстанның халықаралық қауымдастықтағы абыройын нығайтуға бағытталған парасатты саясатына көрсетілген кең қолдаудың айқын дәлелі екені атап өтілген.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Ислам Кәрімовтің басшылығымен Өзбекстанның одан әрі гүлдене беретініне сенім білдірген.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Өзбекстан президентіне зор денсаулық және жауапты қызметіне табыс, ал бауырлас өзбек халқына татулық пен бақ-береке тіледі.
Бұған дейін хабарланғандай, Өзбекстанның қазіргі президенті Ислам Кәрімов алдын-ала ақпар бойынша сайлауда 90,39% дауыс жинаған. Кәрімов үшін 17,2 млн адам немесе сайлаушылардың 90,39%-ы дауыс берген.
Дереккөз: КазТАГ