“Жүгенсіз кеткен полицейлер”. Шығысқазақстандық Шалқар Салдырбаев Ақсуат ауылының тәртіп сақшыларын осылай деп кінәлап отыр деп хабарлайды 7 арна.
Айтуынша, осыдан бір жыл бұрын полицейлерден оңбай таяқ жеген ол әлі күнге дейін әділдікке қол жеткізе алмай келеді. Жазықсыз жәбір көрген азамат Шалқар Салдырбаев пен оның әкесі бір жылдан бері полиция қызметкерлерін жазалауды талап етіп келеді.
Айтуларынша, өткен жылдың қаңтарында Ақсуат ауылындағы дәмханалардың бірінде болып жатқан тойда, төбелесіп жатқан екі азаматты арашалаймын деп жүріп, өзі таяқтың астында қалады. Жұдырықтасып жатқан екі жігіттің жергілікті полиция қызметкерлері екені кейін белгілі болады. Бірі майор, бірі капитан екен.
Торға күштеп кіргізіп, бірінші белеумен байлайды, одан кейін қолыма кісен салып жерге жығып, мені ұрады. Мен бір екі үш минутқа есімнен танып қалдым
“Араша түскенде екеуі маған қарсы күш көрсетті. Сол жерде сөйлесіп, мені алдап, ІІБ-не апарды. Ішіне кіргеннен кейін күш көрсетіп, арғы жағындағы торға күштеп кіргізді. Бірінші белеумен байлайды, одан кейін қолыма кісен салып жерге жығып, мені ұрды. Сол уақытта бір екі үш минутқа есімнен танып қалдым”, – дейді жәбірленуші Шалқар Салдырбаев.
Шалқардың айтуынша, қатты соққыдан есінен танып қалған оны полицейлер ауруханға жеткізген. Қойылған диагнозы – бас миы шайқалған. Мұрны сынып, қолдарында кісеннің іздері қалыпты. Десе де, “полицейлердің сол кезде лауазымын асыра пайдаланғанын растайтын дәлел жеткілікті болғанымен істің ұзаққа созылып кеткеніне өкпеліміз”, – дейді Шалқардың қорғаушысы.
“Енді осы іс ары қарай тағы да созылып кетпеу үшін, тағы да сыбайластық әрекеттер болып кетпеу үшін, мен бұл екі полиция қызметкерлерін қамауға алуын сұраймын. Өйткені олар тағы да біреулерге ықпал етеді, қысымшылық көрсетеді. Істі тергеуге бөгет жасайды”, – дейді қорғаушы Байғали Жұмәділов.
Ал облыстық ішкі істер департаменті, қызметкерлеріне қатысты жайтты растағанымен, сұхбат беруге құлық танытпады.
Шалқардың қорғаушысы болса, осынан кейін істің ішкі істер департаментінде емес, жемқорлыққа қарсы агенттіктің сотқа дейінгі тергеу басқармасында тергелуін өтінген. Прокуратура бұл талапты қанағаттандырады.
“Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізілуде. Арызданушының барлық мәліметтері тексеріліп жатыр. Барлық мәлімет жан-жақты тексерілуде. Адвокаттың айтқанымен келісемін, шынымен де іс ұзаққа созылып кетті. Бірақ мен бұл іске нүкте қойып, шешімін табамыз деп ойлаймын”, – дейді Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО басқарма басшысының орынбасары Рүстем Танабаев.
Шалқардың отбасы тергеудің ұзаққа созылып кеткеніне қарамастан әділдікке қол жеткіземіз деп үміттенеді.
Дереккөз: 7 канал