Экологиялық туризмді дамытуға жете мән берілуде

0
452
Атырау облысындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты жаңа туристік маусымға дайындық үстінде. Аймақтағы ішкі туризмді дамыту саласына соңғы жылдары жете мән беріліп жүр. Соның бір тармағы – экологиялық туризм. Ал ерекше қорғаудағы табиғи қорық аумағы – экологиялық туризм жобасын жүзеге асыруға таптырмайтын мекен. Қазіргі таңда шетелдік және жергілікті тұрғындар үшін бірнеше туристік бағыттар дайын тұр. Бұл жобаның қоршаған ортаға тигізер кері әсері жоқ. Пайдасын жетік білгендер үшін бұл күнде туризм арқылы қаражат табуға мүмкіндік мол. Мәселен, Атырау облысында ішкі туризм саласы бойынша тарихи, этнографиялық, мәдени, экстремалдық және экологиялық туризмді дамытуға қолайлы жерлер жеткілікті. Соның бірі – танымдық-экологиялық түрі. Каспий теңізі жағалауы табиғи резерват аумағы – аң мен құсқа толы мекен. Экологиялық туризм тек қаржы көзі ғана емес, жұртшылықты жабайы табиғатты аялауға, барды сақтауға шақырады. Александр Ивасенко, «Ақжайық» МТР ғылым және мониторинг бөлімінің басшысы: – Бізде қазір 4 туристік бағыт дайын тұр. Оның екеуі құрлықта, ал екеуі судағы серуен және аң-құстарды тамашалауға бағытталған. Биыл бізге республикалық бюджеттен қорықты күтіп-баптау үшін 113 млн теңге қаржы бөлінді. Ал туризмнен түсетін табыс сол саяхатты ұйымдастыру, қажетті жабдықтар алуға жұмсалады. Мамандардың айтуынша, жыл сайын экологиялық туризмге қызығушылардың қатары артып келеді. Дегенмен негізгі сұраныс шетелдіктерден түседі екен. Жанәділ Мұратуллин, «Ақжайық» МТР туризм және экологиялық ағарту бөлімінің басшысы: – Жаңа маусымға толықтай дайынбыз. Қазірдің өзінде ірі мекемелерден ұжымдық саяхат ұйымдастыру жөнінде өтініштер түсіп жатыр. Шетелдіктер көп. Біразы осы Атырауда жұмыс істеп жүргендер болса, кейбірі біздің табиғатты көру үшін арнайы келмек. Саяхатшыларды тасымалдау үшін биыл резерватқа 30 орындық шағын кеме беріледі. Бұл ішкі туризмді дамыту мүмкіндігін арттыра түспек. Осының арқасында табиғи қорықтың материалдық-техникалық базасы артып, мемлекет қазынасына да қаржы түсетін болады. Авторлары: Бекен Әлирахым, Әзілхан Уахитов, Амантай Мәтенов

Источник: http://www.24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/56588-n-berilude

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз