Ұмытылмас бір күн

0
56

ҰМЫТЫЛМАС БІР КҮН НЕМЕСЕ МҰХТАР ӘУЕЗОВТЫҢ АДАЛ ШӘКІРТІ МҰРАТБЕК БӨЖЕЕВ ӘЛЕМІНЕ САЯХАТ

Оның ғылыми еңбектері осы уақытқа дейін ескерусіз келді. Оның халықтың рухани өміріне салған қисапсыз үлесіне мән берілмеді…
Иә, әдебиеттанушы ғалым, Абай мұрасын зерттеуші, филология ғылымдарының докторы, профессор Мұратбек Бөжеев қазақ әдебиеті тарихының ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы ең көрнекті өкілдерінің бірі еді.

Әділет салтанатындай

Бұрынғы Семей облысының Шұбартау ауданындағы №1 ауылда, қазіргі ШҚО Аякөз ауданына қарасты Шұбартау өңірінде дәрігерлер отбасында дүниеге келген М.Бөжеев 1924 жылы Семейдегі Қазақ педагогикалық техникумына оқуға түсіп, Мұхтар Әуезовтен дәріс алады. Ұлы жазушының шәкірті болып, дәрістері мен ақыл-кеңестері шәкіртіне үлкен әсер беріп, өмірінде елеулі із қалдырады.
1961 жылы ұлы ұстазы М.О.Әуезов мұражай-үйі ашылғанда осы киелі орында аға ғылыми қызметкер бола жүріп, М.Әуезов мұрасын дайындап, жарыққа шығару ісіне үлкен үлес қосты. Жазушы шығармаларының ғылыми сипаттамасын жасап, 12 томдық шығармалар жинағын дайындауға қатысады.
Ғалым 1940 жылы Абайдың екітомдық шығармалар жи­нағын дайындауға ұстазы М.Әуезовпен бірге осы жи­нақтың ғылыми түсінік­те­мелерін жазуға атсалысады.
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында аға ғылыми қызметкер болып қызмет атқарып жүргенде қазақ әдебиеттану ғылымында дамуы жағынан ең кенже қалған ғылым саласы – текстологиямен шұғылданады. Аспирант кезінен бастап Абай мұраларын түбегейлі зерттеуге ден қойған ғалым 1960 жылы «Абай Құнанбаев шығармашылығының идеялық-көркемдік ерекшеліктері туралы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғаса, сексенінші жылдары жазылған «Абайдың ақындық айналасы» атты зерттеу еңбегі, «Абай аудармалары», «Абайдың реализмі», т.б. ғылыми еңбектері абайтануға қосылған сүбелі үлес болып есептеледі.
Мұратбек Бөжеевтің ғылым жолындағы ізденістері өзінің жеке өміріне де айтарлықтай қауіп төндірген. 1942 жылы орыстың атақты жазушысы И.А.Гончаровтың «Обломов» атты романы туралы кандидаттық диссертациясын қорғау қарсаңында «халық жауы» ретінде жазықсыз айыпталып, он бес жылға жуық уақыт бойы сталиндік лагерде қамауда болады, 1956 жылы ғана оның ісінде қылмыс құрамы расталмай, толық ақталады. Қайсар ғалым ауыр тағдырына мойымай, қайтадан ғылымға бет бұрады. Зерттеулерінің негізі кеңестік дәуірде жазылғанмен, коммунистік идеологияға негізделмеген. Себебі, оның еңбектерінде коммунистік партияның саясатқа қатысты қаулыларынан немесе В.И.Ленин, Ю.И.Сталиннің съездерде, пленумдарда сөйлеген саяси сөздерінен бірде бір сілтеме келтірілмеген.
М.Бөжеев, шын мәнінде, қазақ мәдениетінің жандануыда айтарлықтай үлес қосқан ғалым еді. Айталық, 1926 жылы Қарқаралыда ұстаздық етіп жүргенде қазақ халқының ән-күйлерін ел аузынан жинап, нотаға түсіріп жүрген атақты музыка сыншысы, этнограф А.В.Затаевичпен кездесіп, Қарқаралы өңірінде қазақ ән-күйлерін жинау ісіне көмектесіп, өзі де бірнеше әндерді орындап береді. 1931 жылы шыққан «Қазақтың 500 ән-күйі» жинағында Затаевич: «Муратбек Божеев, молодой и энергичный народный учитель, в 1926 году слушал летние курсы для могалимов в Семипалатинске, а затем руководил таковыми же в Каркаралинске. Его энергии и сознателному отношению к важности моих работ я очень много обязан, так как он не только поделился со мной известными ему интересными напевами, но и способствовал, в значительной мере, тому чтобы побороть инертность некоторых его товарищей, медливших с тем же» – деп М.Бөжеевтің орындауында жазып алған «Қарқаралы» әнінің нотасына түсініктеме береді.
М.Бөжеевтің, сонымен бірге, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы ұлттық әдебиеттің көрнекті өкілдері Бұқар жырау, М.Мөңкеұлы, Ш.Қанайұлы, М.Көпеев, Н.Наушабаев, М.Қалтаев, Ш.Құдайбердиев туралы үлкен ғылыми зерттеу еңбектері бар.
Мұратбек Бөжеев еңбектерінің кейінге дейін ескерусіз қалуының бір себебі – ғалым 1980 жылы қайтыс болғаннан кейін артында қалған ғылыми мұрасын жаңғыртатын адамның болмағаны деп тұжырымдауға болады. Өзі ұзақ уақыт қызмет еткен киелі шаңырақ – Әдебиет және өнер институты ғалымның туғанына 100 жыл толуына байланысты М.Әуезовтің мұражай-үйінде республикалық ғылыми конференция өткізіп, 2013 жылы ғалымның қыздары Гүлбаршын мен Айбарша Бөжеевалар әкесінің «Замана кейіпкерлері» атты зерттеулер жинағын кітап етіп баспадан шығарады.
Ұлы М.Әуезовтің абайта­ну­дағы ісін жалғастырып, адал шәкірті болған М.Бөжеевтің том-том болып мұрағатта қалған мұрасын, әсіресе, Абай шығармаларына қатысты текстологиялық жұмыстарын жалғастырып, жарыққа шығару әдебиеттанушы ғалымдардың негізгі міндетіне кірері сөзсіз.
Ғалымның мұраларын қайта жаңғырту мақсатында 20-ақпанда Семейдегі Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бірлесіп Мұратбек Бөжеевтің туғанына 105 жыл толуына арналған республикалық ғылыми конференция ұйымдастырды.
Ғылыми шараға Алматы мен Семей қалаларынан М.Бөжеевпен таныс-біліс болған, ғалымның көзін көрген жерлестері, шығармаларын зерделеген белгілі әдебиеттанушы ғалымдар, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен мектеп ұстаздары қатысып, ғалым туралы ұмытылмас естеліктер айтты. М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, профессор С.С.Қорабай, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті педагогика жоғары мектебінің директоры, филол.ғ.докторы, профессор А.С.Еспембетов, Абай мемлекеттік қорық-мұражайы директорының ғылыми істері жөніндегі орынбасары М.С.Қайрамбаева тағылымды баяндамалар жасап, «Ақын өмірінен бір сәт» аталатын М.Бөжеев туралы бейнефильм көрсетілді.
Конференция барысында М.Бөжеевтің «Замана кейіпкерлері» кітабының және М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Ғылыми қазына» сериясы бойынша дайындап шығарған ғалымның еңбегі енген 28-томның тұсаукесер рәсімі де жасалды.
Ғалымның қызы, кинорежиссер Айбарша Бөжеева әкесі туралы тартымды естеліктер айта келіп, ел мәдениетінің дамуына айтарлықтай үлес қосқан ғалым есімін қайта жаңғыртқан ұйымдас­ты­ру­шыларға зор ризашылығын білдірді.

Алаштың рухани астанасы

Әрине, Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Әміре сынды алыптар шоғырын дүниеге әкелген мекенге алғаш рет сапар шегетінімізді естігенде сөзбен жеткізе алмас сезімді бастан өткізгеніміз рас. Қала территориясына ене бергенде сол қасиетті мекеннің ұлылығын сезінгің келіп сыртқа көз тастасаң, ескі даланың әрбір тау-тасы, бел-белесі, төбе-қыраттары, адыр-қырқалары да тарихтан сыр шертетіндей. Тіпті, сол ұлы кезеңге сіңіп бара жатқандай боласың.
Жол жиегіндегі кейбір арасы алыс-алыс қоныстанған үйлер мен жүдеген елдімекендерге көз жіберіп отырып, сол баяғы үрдістің тоқтамағанын, сол топырақтан өсіп шығып, есімі дүйім елге тараған тұлғалар тобын тағы еске аласың. Оның ішінде Қазақ КСР-і Министрі болған жазушы Әди Шәріпов, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, Бибігүл Төлегенова, әдебиеттанушы ғалымдар Зәки Ахметов, Мұратбек Бөжеев, Қайым Мұхаметханов, жазушы Мұхтар Мағауин, жазушы Әзілхан Нұршайықов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, спорт шебері Дәулет Тұрлыханов т.б. бар.
Қалаға кіріп, Ертіс өзені арқылы өтетін «аспалы көпірді» көргенде ерекше тамсандық. Шаһардың ажарын кіргізіп тұрған мұндай нысан әлем елдерінде саусақпен санарлық деседі. Ертістің арғы жағы мен бергі жағын байланыстырып жатқан көпірден күніне бірнеше мыңнан астам көлік қатынайды екен.
Вокзалдан түскен бойда күтіп алған мұражай қызметкерлері жолда қаланың басты-басты көшелерімен, мәдени, әсем ғимараттарымен таныстырып үлгерді. Жол бойындағы бірді-екілі үйлерді көзіміз шалғаны болмаса, қаланың көп жеріне баруға уақыттың ыңғайы келмеді. Сонда да ретін тауып, Абайдың әдеби-мемориалдық мұражайы мен осы кешеннің бір бөлігі саналатын Ә.Молдабаевтың мұражай-үйінің арнайы бөлімдерімен және 1903 жылы Қазақстанда ашылған алғаш оқу орны – Мұғалімдер семинариясы қазір М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі болып өзгертілген ғимаратына бас сұқтық.
Бұл мұражай-үйдің иесі – Әнияр Молдабаевты Абай­дың өзі Семейге әкеп оқуға түсіріп, осы үйді алуға да тікелей көмек берген екен. Ә.Молдабаев арықарай білімін кеңейту мақсатында Ташкент, Әндіжанда оқып, Семей қаласында банкке қызметке тұрады.
Мұражайда негізінен М.Әуезовтің 1908-1919 жылдары Семейде болған кезеңдерінен мол мағлұмат беретін мұрағаттар сақталған. Әуезовтің дәптер мұқабасы, аттестаты, сүйіп оқыған кітаптары, өзі оқыған Мұға­лімдер семинариясы, Ерлер гимназиясының ғимараттары мен Семей қаласының ескі көріністері бар суреттер тұр. Әсіресе, М.Әуезов бес кластық училищеге оқуға түскенде (орысша оқудың қажеттілігін ерте сезінген ағасы Қасымбек Мұхтарды осы училищеге түсіреді) мұғалімі болған Игнат Яковлевич Малаховтың: «Қазақ оқушыларымен жақынырақ танысқан сайын қуаныш сезімім ұлғая түседі. Тәртіптілік, ерекше қабылданпаздық, табандылық, ұқыптылық және ең бастысы, білімге деген тоймастық, ынтығу – міне, бітіретін класта оқып жүрген үш-төрт қазақ балаларына тән қасиеттер осы еді. Алайда бүкіл класта, бүкіл қазақ және орыс балаларының арасында 15-16 жастағы орта бойлы, толықша келген, кең маңдайлы қазақ баласы ерекше көзге түсетін.
Бұл бала Мұхтар еді. Мұхтар өзінің осындай дайындығына қарамастан, қарапайым болатын. Жолдастарымен бірге жүріп, барлық балалық ойындарға қатысатын. Жолдастарына әрдайым көмектесетін» – деп ерекше атаған естелігін тебіренбей оқи алмадық.
1918 жылы М.Әуезов пен Ж.Аймауытов бірлесіп шығарған «Абай» журналының мұқабасы да сақталыпты. Журналдың 12 саны шығып, 9 айдан кейін тоқтап қалған еді. Оның жанында М.Әуезовтің осы уақытқа дейін еш жерде жарияланбаған «Сыбанның моласында», «Жас жүректер» деген екі әңгімесін кездестірдік. Келесі М.Әуезовтің келтірілген жұмыс кабинетінде қазақ интеллигенциясы тұтынған машинка, сағат, т.б. бұйымдары тұр.
М.Әуезовтің шәкірттерімен бірге түскен суреттің ішінен өз әкесін (Мұратбек Бөжеевті) бірден таныған Айбарша Мұратбекқызы сол суретке үнсіз қарап тұрып, көзіне жас алды.
2010 жылы ҚР Премьер-министрі К.Қ.Мәсімов А.Байтұрсыновтың өз қолымен жазып кеткен өмірбаянын осы мұражайға өзі арнайы келіп, сыйға тартқанын мұражай қызметкері қуанышпен жеткізді. Онда А.Байтұрсыновтың өзінің көрсетуі бойынша өмірге келген жылын 1872 жыл деп көрсетіпті. Негізінен көптеген ғылыми еңбектерде 1873 жыл деп аталып жүргені де белгілі.
Сонымен қатар, Алаш партиясы мен мұраларына қатысты Омбы, Санкт-Петербург, Қазан қаласынан алынған құжат көшірмелері сақталған сөреге көзіміз түскенде өткен ғасырдың басына ой жүгірттік.
Жалпы, «Ертістің оң қабағында Семей, солында Алаш қаласы» (Ж.Аймауытов) болып бөлініп тұрған Семей қаласы ХХ ғасырдың басында қазақтың мәдени, рухани, саяси қайта өрлеуінде басты орталық болғаны тарихтан белгілі.
1918 жылы көктемде Алашорда үкіметі Алаш қаласына көшіп келгеннен кейін Семей қаласының қазақтар басым тұратын бөлігі, яғни Ертіс өзенінің сол жағалауы Алаш деп аталған екен. Осы уақытқа дейін бұл шаһарды Абай, Шәкәрім, Мұхтарлардың есімімен ғана байланыстырып келдік, ал шындығында сол кездегі ұлт көсемдері – А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Тұрлыбаев, Ж.Ақбаев, т.б. осы қалада жиі бас қосып, ұлт үшін келелі мәселелерді шешіп отырғандығын көп ретте ауызға ала бермейміз.
1917 жылы Орал, Торғай қалаларында шағын съездердің өте бастағаны да белгілі. Соның ішіндегі ең ірісі 1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда Жалпықазақ съезінің өткенін білесіздер, 5-13 желтоқсан аралығында осы қалада, осы жылы өткен екінші жалпықазақ съезінде қабылданған қаулының көшірмесіндегі: «Автономия құрылсын, ол Алаш деп аталсын, бүкіл мүлік Алаш мүлкі болып саналсын және уақытша кеңес құрылып, оның аты Алашорда аталып, тұратын жері Семей қаласы болсын!» деген жолдарды оқып тұрып, алдағы уақытта Алаш автономиясының құрылғанына 100 жыл толады, соған орай Семейді Алаш қаласы деп өзгертуді ұсынған алаштанушы ғалымның ұсынысы жүзеге асса деген тілек тұрды.

Қазақтың алғашқы «ҚазҰУ-ы»

Конференциядан кейін М.Әуезов атындағы педаго­гикалық колледжге – 1903 жылы Қазақстанда ең алғаш ашылған оқу орны – Мұғалімдер семинанариясына ат басын бұрдық. Алғашында семинария болып ашылған оқу орны 1920 жылы халыққа білім беру институты, 1922 жылы осы оқу орнының негізінде екі педтехникум (қазақ, орыс) жұмыс істеген. 1937 жылы педтехникум базасында екі педучилище құрылып, 1953 жылы екі педучилище біріктіріліп, К.Ушинский атындағы педагогикалық училищеге айналады. 1967 жылы оқу орнына заңғар жазушы М.Әуезовтің есімі беріліп, қазіргі замандық үлгідегі колледж болып құрылған. Өз заманында алып оқу орны саналған қарашаңырақтан қазақтың талай беткеұстарлары, ғалым қайраткерлер, академиктер, белгілі педагог, алаш азаматтары білім алып, алғашқы еңбек жолдарын да осы жерден бастаған.
Бұл колледжді филология ғылымының кандидаты Шағангүл Жанаева басқарады. Шағангүл Алдамжарқызы педколледждің (бұрынғы семинарияның) тарихына біраз тоқталып: «Бүкіл Ертіс атырабындағы бірден бір үздік білім ошағында халқымыздың зиялылары – ерлі-зайып­ты Нұрғали, Нәзипа Құлжа­новтар, ағайынды Н.Н. және А.Н.Белослюдовтар, Ә.З.Сәтбаев, И.Я.Малахов, В.Н.Попов, т.б. оқытушылар білім берді» деп бастап осы оқу орнында білім алған әрбір алаш азаматтарының атына берілген, түгелдей дерлік қазіргі замандық құралдармен, интернетпен жабдықталған жеке-жеке атаулы кабинеттерді таныстырудан бастады.
1912-1919 жылдар аралығында осы семинарияда оқып, білім алған М.Әуезовтің алғашқы шығармашылық-ағартушылық ізденістері осы қабырғадан бастау алады. Жазушының өмірбаянынан оқып білгеніміздей, 1917 жылы Шыңғыстау жеріндегі Ойқұдық жайлауында «Еңлік-Кебек» пьесасын жастардың көмегімен Әйгерімнің киіз үйінде қойған заңғар жазушының драматургия саласымен айналыса бастаған сәті де осы уақытқа дөп келеді. 1918 жылы Семей қаласында «Абай» журналын шығарып, «Абай» (Аймауытов Ж. «Абай». 1918, №1), «Абайдан соңғы ақындар» (екі автор бірігіп жазған, «Абай». 1918, №5), т.б. мақалаларды жариялап, халқымыздың тағдыры жайлы ой қозғаған семинарист М.Әуезов пен Ж.Аймауытовтер болатын.
1914 жылғы Қазақстандағы алғашқы «Ярыш» футбол командасын да осы семинария шәкірттері құрғанын (ноғай-татар аралас) және оның белді мүшесі М.Әуезов болғанын да көбіміз біле бермейміз. Мұны айғақтайтын коллдеж музейінде құнды сурет те сақталған.
Қаншама буынды тәрбиелеп шығарған киелі оқу ордасында А.Құдайбердиев, Ә.З.Сәтбаев, М.О.Әуезов, Ж.Аймауытов, Қ.И.Сәтбаев, Қ.Нұрмұхаметов, Б.Сәрсенов т.б. ұлт зиялылары ағартушылық, жазушылық қадамдарын бастаған. 1915 жылдары төрт ғұлама ғалым – Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов осы семинарияда қатар білім алған.
«Алған білімім үшін немере ағам, ескі интеллигент Ә.З.Сәтбаевқа өзімді өмір бойы борыштымын деп санаймын» деп келтірген өз өмірбаянында Қаныш Сәтбаев немере ағасы Әбікей Сәтбаевтың есімін аса құрметпен атаған. «Қазақстандағы тұңғыш қазақ педтехникумын қалыптастыруға өлшеусіз еңбек сіңірген директор, қазақтың алғашқы оқытушыларының бірі, оқу-ағарту саласында аянбай еңбек еткен айтулы педагог, репрессия құрбаны Әбікей Зейінұлы Сәтбаевтың есімі оқу орны тарихында алтын әріптермен жазылады» деп атап өтті колледж басшысы.
Болашақ академик Қаныш Сәтбаев та осында оқып жүріп, Әуезовпен, Аймауытовпен танысады. Өзі бітірген оқу орнында жаратылыстану пәндерінен сабақ беріп жүріп, қазақ мектептеріне арнғалған алғашқы алгебра оқулығын жазады.
Киелі қарашаңырақта көрнекті алаш қайраткері Халел Ғаббасов, педагог Сейітбаттал Мұстафин, жазушы, драматург Тайыр Жомартбаев, Ғалиақпар Төребаев, журналист, педагог Мәннан Тұрғанбаев, т.б. еңбек етіпті. Осы семинарияның көрнекті тұлғаларының бірі – Қазы Нұрмұхаметұлы да Алаш милициясының бірі болып, соғыс өнеріне жаттығып жүргенде большевик солдаттарының қолынан қаза тауыпты.
Қазақтың әйгілі актері, режиссер, қазақтың театр мен кино әлемінде есімі мәңгілікке өшпейтін Шәкен Кенжетайұлы Айманов, қазақтағы тарих ғылымын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқан ғалым Е.Бекмахановтың, жазушы, Қазақ КСР-і Министрі болған Әди Шәріповтің де осы білім ордасынан сусындағанын біреу білсе, біреу білмейді. Атақты «Махаббат қызық, мол жылдардың» авторы Ә.Нұршайықов 1938 жылы осында оқуға түссе, қазіргі күні Алматы қаласындағы бас оқу ордасы – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Ректоры, т.ғ.д. Ғалымқайыр Мұтановтың әкесі педагог, журналист, қоғам қайраткері, «Невада-Семей» қозғалысының белсенді мүшесі Мүтән Шәмшінұлы Аймақов та осы киелі шаңырақта білім алыпты.
Аралап, танысып жүріп есте қалғаны осы есімдер болды. Оқу ғимаратының ішін түгел аралап, осындай есімдермен әйгілі болған оқу ордасын қазақтың алғашқы «ҚазҰУ-ы» болған екен деп таңдандық.
100 жылдық тарихы бар Семей педагогикалық колледжі сол зиялылық дәстүрден сақтап, еліміздің білім беру саласында елеулі өзгерістерге қол жеткізіп, сан мыңдаған мамандарды дайындап шығаруда. Олар елімізде, алыс-жақын шетелдерде еңбек етіп жүр.
Алаш қаласында осындай әсерлі сезімдерді сыйлаған бір күніміз ұмытылмас күндердің біріне айналатыны рас. Десек те, іште қалған бір әттеген-аймен қоштасқанымызды да жасырмаймыз.
«Абай жолын» қолға алған сайын көз алдымызға келетін – ұлы Абайдың бүкіл ғұмыры өткен аймақты көру – бала шақтан бергі арманымыз еді. Абай, Шәкәрім, Мұхтар ізі сайрап жатқан Шыңғыстау бөктеріндегі атақты Қарауыл, Жидебай, Бөріліні көрсек деген сол арманым осы сапардан кейін ұлғая түсті. Жоңғарларға қарсы күресте аты шыққан Күшікбай батырдың асуы мен «Еңлік-Кебек» кесенесін, Ойқұдық жайлауын, Абай маңы­мен жүрген бұлақтар мен қыстауларды мың рет естігенше, бір рет көргеніміз дұрыс деп шештік.
Қоштасып бара жатып, Абайдың еліне – Жидебайға Алла қаласа, міндетті түрде келеміз деген ниетпен аттандық!

Айнұр АХМЕТОВА,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының кіші ғылыми қызметкері

Ұмытылмас бір күн

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз