ШҚО-да «Асар» акциясы аясында 13 мыңға жуық адамға көмек көрсетілді

0
116
Шығыс Қазақстанда республикалық «Асар» акциясы бұқаралық сипат алып келеді. Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы аясында өтетін игі шараға қатысушылар өңірдегі көмекке зәру жандарға қол ұшын бермек. Жұдырықтай жұмылған аймақ тұрғындары мен барлық ұжым қызметкерлері бірігіп, соғыс ардагерлерінің үйлерін қайта жөндеуден өткізумен қатар әлеуметтік әлсіз отбасыларға көптеп көмек көрсетіп жүр. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл». Облыстық Достық үйінің ұжымы «Асар» ұғымының мән-мағынасын түсіндіру мақсатында келген қонақтарды ән шашумен, мың бұралған бимен қарсы алды. Өңірді мекендеген әртүрлі этномәдени орталық мүшелері арнайы қайырымдылық концерт ұйымдастырған. Бұдан бөлек қаржылай көмек, азық-түлік пен балаларға базарлық дайындалған. «Бұл көмекке мұқтаж жандарға көрсетілген қолдаудың жартысы ғана» дейді ұйымдастырушылар. Еркінбек Аязбаев, ҚХА облыстық хатшылығының басшысы: – Қазақстан халқы Ассамблеясы 13 мыңдай адамға 150 мыңға жуық сомма мөлшерінде көмек көрсетті. Негізгі мақсатымыз – қоғамымыздағы тыныштықты дамыта түсу. Мұқтаж адамдардың көңіл-күйлеріне, сұрақтарына байланысты көмек көрсету. Ал өзі тікелей шараға қатыса алмаған ардагерлерге сыйлықтар үйлеріне жеткізілді. Мәселен, Дмитрий Москальцов – Ұлы Отан соғысының ардагері. Қазір ауруханада ем алып жатыр. Қонақтар арнайы ауруханаға келіп, қартқа құрмет көрсетті. Ал ол 9 мамырда Астанада өтетін салтанатты шеруге қатысуға дайындық үстінде екенін қуана жеткізді. Дмитрий Москальцов, Ұлы Отан соғысының ардагері: – Маған шынайы көңілін білдіріп, қал-жағдайымды сұрап жатқанына шексіз ризамын. Мен үшін бұдан асқан байлық жоқ. Өйткені мен әлі қоғамға керекпін. Осы ой мені алға жетелейді. Ал Кенжегүл Қанапиянова – көмекке мұқтаж жандардың бірі. 4 баланың анасы жарты жыл бұрын отағасынан айырылыпты. Жалғызбасты ана бала-шағасын асырауға қысқа жіп күрмейге келмейтінін айтады. Сондықтан көптің көмегі ол үшін үлкен қолдау. Кенжегүл Қанапиянова, көпбалалы ана: – Қазір кішкентай қызыма берілетін көмек пен 8 мың теңгенің арқасында, яғни барлығы 25 мың теңгемен күн көреміз. Балаларыммен пәтердің бөлмесін жалға алып отыратынбыз. Қолы ашық жандарға, ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын. Кенжегүлдің отбасына болашақта да көмек қажет. Сондықтан облыстық Достық үйі оның жанұясын қамқорлыққа алған. Қоғамдағы осындай қам көңіл жандарға «Асар» акциясы үлкен қолдау екендігін алға тартады ұйымдастырушылар. Авторлары: Зәуре Елдартқызы, Дмитрий Пыхтин

Источник: http://www.24.kz/kz/zhanalyktar2/aza-stan-khal-y-assambleyasy/item/56767-etildi

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз