Мемлекеттiк қызметке түсерде магистратура мен шетелдiк диплом талап етiлмек.
Бұл туралы бүгiн Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жемқорлық тәуекелдерін талдау және анықтау басқармасының басшысы Динара Жаненова мәлiм еттi.
Оның айтуынша, мемқызметке түсер алдында үмiткерлерге бiрқатар жоғары талаптар қойылатын болады.
“Тағы бір айта кетерлік жайт, талаптар қатарына магистратура, соның ішінде шетелдік магистратура деңгейі енгізілмек. Немесе, үміткердің білімі толықтай шетелдік білім болуы керек деген талап та болады. Бұның себебі, қазір мемлекеттік қызметкерлер шетелдік әріптестерімен, шетелдік мемлекеттік органдармен көп жұмыс істейді. Сондықтан, әр түрлі келіссөздер барысында, қандай да бір шешім қабылданарда, үкіметтік құжаттарды дайындағанда біздің мемлекеттік қызметкерлердің білімі бәсекеге қабілетті болу керек. Сондықтан, біз лауазымдардың жекелеген түрлері үшін талапты күшейтпекпіз”, – деп атап өттi Жаненова.
Сондай-ақ мемлекеттiк қызметке түсерде үмiткердiң жеке қасиеттерi де ескерiлетiн болады.
“Қазiргi уақытта оның жұмыс өтiлi мен жоғары бiлiмнiң болуы талап етiледi. Бiрақ мемлекеттiк қызметте жұмыс түрi әр түрлi келедi. Бiр жұмыс аналитикалық, яғни байыптылықты, бiр орында отыруды, құжаттармен жұмыс iстеудi талап етсе, екiншi бiрi ұйымдастырушылық қасиеттердi қажет етедi. Үшiншiсi халықпен жұмыс iстеудi, оларға кеңестер беруге негiзделедi. Соған байланысты қызметкерлерден түрлi машықтар, ептiлiк пен икемдер қажет болады. Сондықтан бiз мемлекеттiк қызметтегi барлық лауазымдарға функционалдық шолу жасаудамыз. Соған қарап, мемқызметілер құзырының профилiн жасаудамыз. Яғни мемқызметке қажеттi машық, икем мен қасиеттердiң тiзiмi жасалады. Соған орай, бiз мемлекеттiк қызметке түсерде осы талаптарды бiлiктiлiк талаптарына енгiзетiн боламыз”, – дедi ол.
Дереккөз: ИА «Казинформ»
http://www.nur.kz/362434.html