Биыл тікелей әуемаршруттар Астананы Орал, Сеул, Тбилиси және Парижбен байланыстыратын болады. Бұл туралы astana.gov.kz сайты хабарлайды. ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің хабарлауынша, жаңа бағыттар «Нұрлы жол» бағдарламасына (көлік-логистиканың сәулелік принципі) сәйкес еліміздің көлік-логистикалық жүйесін жетілдіру аясында ашылуда. Бүгінде екі бағыт іске қосылды. Айта кетейік, 29 наурызда «Эйр Астана» әуе компаниясы «Боинг-757» әуе кемесімен Астана-Париж бағытында өзінің алғашқы тікелей рейсін атқарды. Астанадан Парижге ұшатын рейсте – 71 адам, ал Парижден Астанаға дейінгі рейсте 54 адам болды. Рейстер аптасына үш рет (сәрсенбі, жұма және жексенбі) қатынайды. Ұшу ұзақтығы – 7 сағат. Әуемаршруттың ашылуына Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Азаматтық авиация комитеті бірқатар жұмыс атқарды. Өткен жылы қазан айында Қазақстан мен Францияның авиация саласындағы басшылары келіссөздер жүргізген болатын. Тараптар қазақстандық тасымалдаушылардың тұрақты рейстер атқаруы жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Сонымен қатар 29 қазанда «Эйр Астана» әуекомпаниясы күн сайынғы Астана-Орал-Астана әуемаршрутын ашты. Рейстер «Эйрбас-320» және «Эмбраер-190» типті әуе кемелерімен жүзеге асырылады. Астана-Орал маршрутының алғашқы рейсінде 85 адам, ал Орал-Астана рейсінде 81 жолаушы болды. Биыл жазда Астанадан Сеулге және Тбилисиге жаңадан халықаралық бағыттар ашу көзделген. Тасымалдаушы «Эйр Астана» әуекомпаниясы болады.
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/56807-tyrady