Ыстамбұлда Қауіпсіздік қызметі ғимаратын жарып жібермек болған әйел өлтірілді

0
109
Түркияның Ыстамбұл қаласында лаңкестік әрекеттер үсті-үстіне болып жатыр. Күні кеше белгісіз біреу билік басындағы Әділет және даму партиясының аудандық филиалына қарумен баса көктеп кіріп, кейіннен тәртіп сақшыларына өз еркімен берілсе, сол күні кешкісін бір лаңкес әйел Ватан көшесінің бойындағы Ыстамбұлдың Қауіпсіздік қызметінің ғимаратын жарып жібермек болған жерінде өлтірілді. Жанкештінің жолын кескен полиция оның денесінде қолдан жасалынған екі жарылғыш зат пен мылтық болғандығын хабарлайды. «Қарулы шабуыл сағат 18:00-де болды. Ыстамбұлдың Қауіпсіздік қызметі ғимаратының есігіне дейін жақындаған лаңкес қолындағы екі жарылғыш затты іске қосып лақтырған. Оның бірі атылмай қалды. Одан соң күзетте тұрған тәртіп сақшыларына қаруымен оқ жаудырған. Ыстамбұл губернаторы Васип Шахин оқиға ортасында 2 полиция аздаған жарақат алып, жергілікті аурухана жеткізілгенін хабарлады. Қазір олардың жағдайлары бір қалыпты. Ал лаңкес әйел сол жерде-ақ жан тапсырды. Түркия президенті Тайып Ердоған елдегі саяси партияларды лаңкестік ұйымдарға қарсы бірігіп күресуге шақыруда. Тайып Ердоған, Түркия Республикасының Президенті: – Лаңкестік ұйымдар жауыздық әрекеттер арқылы лас ойындар жүргізіп, мемлекетке қысым көрсеткісі келеді. Бірақ олардың бұл әдісі бізге жаңалық емес. Тек бір ғана нәрсе маңызды: ол – ұлттық мүдде.Ұлттық қауіпсіздікке келгенде саяси партиялар таласудың орнына бірігулері тиіс. Ыстамбұлдың қауіпсіздік қызметіне қарулы шабуыл жасаған лаңкестің саусақ іздері арқылы полиция белгісіз әйелдің аты-жөнін анықтады. Анадолы агенттігінің хабарлауынша оның есімі – Элиф Сұлтан Калсен. Қазіргі таңда құқық қорғау органдары бұл лаңкестік оқиғаға өзге адамдардың қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Авторлары: Ержан Жүніс, Седат Денли

Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/lemde/item/56943-bol-an-jel-ltirildi

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз