Теріскейде «Сұлтан» маркасымен шығарылатын жоғары сұрыпты макарон өнімдері тек Қазақстанға ғана емес, барлық ТМД елдеріне де танымал. Диірмен-макарон кешені тәулігіне 192 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы. Былтыр компания 740 миллион теңгенің тауарын шетелге экспорттапты. Тоқырау заманда талай кәсіпорындар тоқтап тұрғанда жұмысын бастаған «Сұлтан» диірмен-макарон кешені бүгін еңбектің жемісін көріп отыр. Тасы өрге домалаған кәсіпорын қазіргі таңда макарон өнімдерінің 38 түрін дайындап шығарады. Бастысы, отандық тауарлардың сапасы жоғары. Өнім халықаралық стандарттарға сай. Петропавлдағы «Сұлтан» АҚ бүгінгі таңда бәсекеге төтеп беретін тауар шығарады. Өндіріс орнына қойылған қондырғылардың барлығы заман талабына сай. Мұндағылар саннан гөрі сапаға мән береді. Ал сапалы дүниеге әрқашан сұраныс болары сөзсіз. Сұраныс болғанда қандай? Құлашын кеңге жайған фабриканың өнімдері Қазақстаннан бөлек ТМД елдерімен Орталық Азия мемлекеттерінің нарығын қамтамасыз етіп отыр. Айта кету керек, осылайша компания тек былтырғы жылы 4000 тоннадан астам өнімді шетелге экспортқа шығарған. Дина Байбосынова, «Сұлтан» АҚ бас директорның көмекшісі: – Дайын болған макарон өнімдері жоғары температуралы кептіргіштен өтеді. Сондықтанда олар піскен кезде езілмейді. Оның үстіне ұзақ уақыт бойы өзінің дәмін сақтап қалады. Әр қамтаманың сыртында қазақша, орысша және ағылшын тілдерінде өнімді қалай пайдалану керек екені жазылған. Бүгінгі күні фабрикадағы қондырғылар түбегейлі автоматтандырылған. Мұндағы қызметкерлер тек дайын болған өніммен қаптаманың сапасын қадағалайды. Виктор Трасковский, диірмен-макарон кешенінің директоры: – Шаруаның қалай жүріп жатқандығын компьютерден, яғни PLC жүйесі арқылы бақылауға болады. Барлық жұмысты оператор орталық басқару тетігінен қадағалайды. Егер де олқылықтар орын алып қалып жатса, қондырғы жұмысын автоматты түрде тоқтатады. Қазіргі таңда акционерлік қоғамда 350-ге жуық азамат қызмет атқарады. Алдағы уақытта «Сұлтан» АҚ-ның макарон өнімдері аспан асты елінде де саудаланбақшы.
Источник: http://www.24.kz/kz/zhanalyktar2/otandy-nimdi-satyp-al/item/56973-eksporttalma