Йеменнің Аден қаласында шиіттік бүлікшілер Ресейдің Бас консулдығы орналасқан ғимаратты тонап кетті. Радикалдар елшіліктің есігін бұзып кіріп, техникалық бұйымдар мен құжаттарды жымқырған. Шабуыл кезінде кеңседе қызметкерлер болмапты. Қазір Йемендегі барлық Ресей азаматтары қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Ал халықаралық әскери коалиция күштері тастаған бомбалардың бірі Ходейда портты қаласындағы сүт зауытына түсті. Салдарынан 35 адам қаза тауып, 80 тұрғын жарақат алды. Басқа дерек көздері әуе соққысын шиіттік бүлікшілер жасады деп хабарлайды. Осылайша соңғы бірер күннің ішінде бомбалаудан қаза тапқан бейбіт тұрғындар саны 100 адамға жетті. Естеріңізге сала кетейік, Сауд Арабиясы бастаған бірнеше ел 26 наурызда Йемендегі қарулы бүлікшіл топ хоуситтерге қарсы әскери операция жүргізуде. Хоуситтер заңды үкіметті құлатып, билік тізгінін өз қолына алуды көздеп отыр.
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/lemde/item/56981-yryluda