Астана. 1 сәуір. Baq.kz – Режиссер Ермек Тұрсынов «Қазақ хандығы» жобасына қатыспауы мүмкін.
Бұл жөнінде Ермек Тұрсынов «Келін»-«Шал»-«Кенже» трилогиясының соңғы фильмі «Кенже» кинотуындысының жабық көрсетілімі аясында өткен баспасөз мәслихатында айтты.
– Менің білуімше «Қазақ хандығы» атты үлкен жоба іске қосылды. Ол жақта режиссер Рүстем Әбдірашевтің бастауымен үлкен шығармашылық топ жұмыс істеуде. Ал оған менің қатысым туралы айтатын болсам. Қазіргі уақытта келіссөздер жүргізілуде. Асығыс ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында мені оған режиссерлік етеді деп айтқан екен. Бірақ ол жайында сөз болған емес. Сөз менің тобымның аталмыш жобада продакшн ретінде қатысуы туралы болатын. Яғни, тек продакшн студия ғана. Ал режиссер, сценарий авторы, суретші қоюшы ретінде бұл жобаға кірмеймін, кіргенде емеспін, кіремін деп те ойламаймын. Өйткені оның барлығы басында-ақ талқыланған дүние. Менің өзімнің жоспарым, жобаларым бар. Ал бұл жоба менің жоспарымда болмаған. Бірақ менің тобым түсірілімнің дайныдығына қатысуы мүмкін. Ол жайында келіссөздер әлі жүргізілуде. Мен ол өте маңызды жоба деп білемін. Оған өте мұқият қарау қажет. Сондықтан оған қатысу-қатыспау туралы әлі ойлану үстіндемін, – деді режиссер.
А.РАКИШЕВА, Ғ.МАДАЛИЕВ