Ресей мен Белоруссиядан қолданылған көліктерді тасымалдауға тыйым салынуы мүмкін

0
61

Шетелден көлік тасымалдайтын кәсіпкерлер мен делдалдардан маза қашты. Инвестиция және даму министрлігі өзге елдерден көлік әкелу құқығын тек ресми дилерлерге қалдырмақ ниетін білдірді.

Photo: Ресей мен Белоруссияның қолданылған көліктерін тасымалдауға тыйым салынуы мүмкін
Бұл дегеніңіз, Ресей мен Беларусь секілді жақын шетелден күнде автомобиль әкеліп жүрген азаматтардың жолына тосқауыл қойылады деген сөз. Жуырда Қазақстан Ресей мен Белоруссиядан ағылып келіп жатқан көліктердің тасымалына тыйым салуы мүмкін.

Бұл іспен тек салық төлейтін ресми диллерлер ғана айналыспақ. Оларға қазір арнайы лицензиялар беру мәселесі үкіметте қарастырылып жатыр екен. Бұл туралы инвестиция және даму министрлігінің басқарма жетекшісі Серік Рахымов ақпараттық порталдарға хабарлады.

Алайда, кейіннен сұхбат беруге құлық танытпады. Ал бұл жаңашылдық жеке кәсіпкерлер мен делдалдардың төбесінен жәй түсіргендей болды.

Егер жағдай жағымсыз сценарий бойынша жалғасатын болса, бәрімізге қалған көліктерді сатып, басқа саладан кәсіп іздеуден басқа амал жоқ.

“Біз түсінеміз, қазір жаппай ескі көліктер тасымалданып жатыр. Қазақстандағы ережелерге сай емес. Ал жеке тұлғаларға келсек, оларға да солай болады. Себебі, біз ескі көліктерді тасымалдауды шектейміз. Қазір бұл сауалдар талқыланып жатыр”, – дейді Инвестиция және даму министрлігі басқарма жетекшісі Серік Рахымов.

Отандық автонарықтың 25 пайызын еншілеген кәсіпкерлерде маза жоқ. Олардың айтуынша, жобада шекарадан лицензиясыз әкелінген көлікті Қазақстанда сату мен тіркеуге де шектеу қарастырылған. Қазір автодүкен қожайындары тауарларын өткізу үшін жанталасуда.

“Егер жағдай жағымсыз сценарий бойынша жалғасатын болса, бәрімізге қалған көліктерді сатып, басқа саладан кәсіп іздеуден басқа амал жоқ. Осы бизнестен қаншама компанияның, қаншама адамның күн көріп жатқаны жайлы ресми дерек жоқ. Әлгі талаптар қабылданғаннан кейін түйіткілдер туындайды. Көптеген адам жұмыссыз қалады. Бұл нарық талабына қайшы амал”, – дейді  автодүкен иесі Марат Мирманов.

Кәсіпкерлер шетелден көлік тасымалдауға шектеу қою – бәсекелестікті түп-тамырымен жояды деген пікірде.

“Яғни алпауыт компанияның өкілдері ғана нарықта үстемдігін жүргізеді”, – дейді. Бұдан автакөліктер бағасының шарықтамасына кепілдік жоқ.

“Әркімнің құқығы бар, неге біреулердің мүддесін қорғау керек.Ондай болса бәріне бәріне шектеу берсін. Жібермейтін болса. Белгілі топтың мүддесін қорғап тұр, мен оған қарсымын”, – дейді жүргізушілердің бірі.

“Мен бұған түбегейлі қарсымын. Қазақстан автосалондарынан қазіргі тиімді бағамен сатып алуға барлығының қалтасы көтермейді. Қымбат. Ресейден қуып келген халыққа тиімді”, – дейді екінші жүргізуші.

Бейресми деректерге сүйенсек, биыл елімізге қаңтар мен ақпанда Ресейден 80 мыңға жуық көлік тасымалданыпты. 50-60 мың көлікті кәсіпкерлер мен жеке тұлғалар шекарадан алып өткен.

Ресей рублінің құнсыздануы, көліктердің ішкі нарыққа көптеп келуі ресми дилерлердің саудасын тұралатқаны анық. Ал көлік бағасы 30 пайызға дейін арзандады.

Инвестиция және даму министрлігі әзірлеп жатқан жобада жеке кәсіпкерлердің мүддесі ескеріле ме, әлде нарықта алпауыт компаниялар ғана ғана қала ма, әзірге белгісіз.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз