Йемендегі қанды қырғын ушығып барады

0
526
6
Йемендегі қырғын құрбандарының саны күн өте көбеюде.
Соңғы 2 апта ішінде одан 500-ден астам адам ажал құшты. Шабуылдардан тағы 2000-ға жуық тұрғын жарақат алған. Марқұмдардың дені – бейбіт тұрғындар. Қиян-кескі ұрыс жүргізіп жатқан қос тарап оңайлықпен берісер емес.
Араб мемлекеттері коалициясы мен Йемендегі бүлікші топтың арасындағы қырғын күн өткен сайын күшейіп барады. «Ансар Аллах» тобының жақтастары Йеменнің әскери-әуе күштері мен баллистикалық зымырандарын өз бақылауына алды. Бұл жайт Сауд Арабиясы өкілдерін алаңдатпай қоймады. Корольдіктің АҚШ-тағы елшісінің айтуынша, радикалдардың қолына түскен бұл қарулар халықаралық коалицияға үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Сондай-ақ саясаткер хоуситтерге қарсы жүргізіліп жатқан операцияның мақсаты – қарсыластарының ауыр қару-жарағын жою.
Әдел әл-Джубейр, Сауд Арабиясының АҚШ-тағы елшісі:
– Операция әлі де жалғасып жатыр. Біз қазір бүлікшілердің қолына өткен әскери-әуе күштерін, базаларды, ауыр қару-жарақ сақталған қоймалардың көзін жоюды көздеп отырмыз. О заманда, бұ заман ешқашан баллистикалық зымырандар содырлардың еншісінде болған емес. Мұндай сұмдыққа жол берген мүлде дұрыс емес.
Арабтар бүлікшілердің позицияларын атқылап жатқанда олар Сауд Арабиясына сес көрсетіп, қарсы соққы жасамақ ойы барын білдірді. Сарапшылардың пайымдауынша, хоуситтердің көздеп отырғаны – саудиттердің Йеменмен шектесетін аймағындағы әскері. Күні кеше бұл өңірде шабуыл болып, саудиялық әскери қаза тапты. Йемендік көтерілісші топтың көз тігіп отырған тағы бір нысаны бар. Ол – көрші елдің мұнай шығаратын өндірістік орындары. Егер қарсыластың бұл ойы жүзеге асса, әлемдік мұнайдың бағасы шарықтауы сөзсіз.
Дайфулла Шами, «Ансар Аллах» қозғалысының өкілі:
– Мұның бәріне жауап берер бізде күш те, мүмкіндік те бар. Бірақ мұндай шешім артқа шегінер жол болмағанда, яғни коалиция бейбіт йемендіктерді қыруды доғармаған жағдайда қабылданады. Бомбаның астында мерт болғанша, қан майданда шайқасып өлген артық. Қарсыластарына тек әуеден соққы жасап жатқан Сауд Арабиясы бастаған қарулы күш бүгінде елдің оңтүстік-батысындағы Таиз қаласын бомбалап жатыр. Көтерілісшілердің көзін жоюды мақсат тұтқан халықаралық коалиция қарапайым тұрғындарға орасан залал тигізуде. Жүздеген адамның өмірін қиып, мыңдағаны баспанасыз қалды. Қала берді, әуежайлар істен шығып жатыр. Авторлары: Қаракөз Тұрмағанбетқызы, Ыбырай Диханбай

Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/lemde/item/57262-barady

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз