Қостанайлық оқушылар машиналардың қалай жасалатынын көруге мүмкіндік алды

0
523
3
Отандық автоөндіріс балғындар көзімен. Қостанайда жергілікті кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен осындай байқау өтті.
Онда оқушылар Қазақстанда жасалған машиналар жайлы бейнебаяндар менфото альбомдар дайындады. Іс-шараның мақсаты – қанатын кеңге жайып келе жатқан автоөндіріс саласына жас буынның назарын аудару. Үздік деп танылғандарызауытқа шақырылып, машиналардың қалай жасалатынын көруге мүмкіндік алды.
Конкурста жүзден жүйрік шыққандардың бірі – Әулиекөл ауданы, Тимофеев орта мектебінің оқушысы Рахат Насыров. Ол мектептегі техника үйірмесінің белсенді мүшесі. Рахаттың қуанышында шек жоқ. Көліктердің қалай құрастырылатынына өз көзімен куә болды, су жаңа машиналарды мініп те көрді. Техникаға бейім бүлшіршін, түсірілім барысында отандық көліктердің ерекшеліктерін жете бағалапты.
Рахат Насыров, байқауға қатысушы:
– Мен конкурска бір аптадай дайындалдым. Біздің ауылда Едіресов Досан ағамыз бар, соның машинасын сұрап алып, соған дайындалдық. Онда SsangYong машинасы, ол өте қызықты машина, әртүрлі қиындықтардан өтеді. Мен өскенде осы цехқа жұмысқа келгім келеді. мұнда өте таза.
Рахаттың жетекшісі Ғабит Әмірхамзин ауыл мектебінде техника үйірмесін жүргізеді. Оның шәкірттерінің алды осы зауытта жұмыс істеп жатыр. Ауыл ұстазы елімізде автоөндірістің іргетасы қаланып келе жатқанына қуанады. Отандық көліктердің мықтылығына маман еш күман келтірмейді. Оқушыларына да соны насихаттайды.
Ғабит Әмірхамзин, «Техника» үйірмесінің жетекшісі:
– Қазақстанда жасалған техника, біздің ауылдың өзінде 4-5 машина бар. барлығы осы зауытта істелінген машиналар. Сол балаларға машиналарды көрсетіп жатырмыз, балаларға ұнады, кемшілігі жоқ. Басқа маркалы машиналардан.
Байқауға өңірдегі 25 мектептен 100-ге тарта оқушы қатысқан. Олар тапсырған еңбектер мұқият сарапталды. Ең үздік дегендері зауытқа шақырылды. «Құрастыру желілерінде оқушылар заманауи жабдықтармен таныса алады. Осы арқылы олардың болашақ мамандығын таңдауына ықпал етуді көздедік», – дейді ұйымдастырушылар.
Зарина Көкжанова, облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:
– Діттеген ойымыз орындалды деуге толық негіз бар. Балалардың қызығушылығын орасан. Қайта-қайта «мұнда жұмыс істеу үшін оқуға қайда баруға болады», -деп сұрастырып жатыр.
Сайыс соңында зауыт басшылығы барлық қатысушыларға алғысын білдірді. Жеңімпаздар алғыс хаттарға және Қостанай машина зауытының арнайы естелік сыйлықтарына ие болды.
Авторлары: Абылай Мауданов, Ермек МұхамедияровИсточник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/57379-m-mkindik-aldy

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз