Тойдағы әдепсіздіктермен енді билік заңды түрде күресетін болды деп хабарлайды NUR.KZ сайты. Қолданылатын шаралар тізімі арнайы жұмыс тобымен дайындалды. Тойлар мен мерекелерді өткізу және жиналған қонақтарды қадағалау жөніндегі заңға сенат және мәжіліс депутаттары қол қояды.
Тойларды тек түнгі сағат 23:30-ға дейін өткізуге рұқсат беріледі. Той сарқытын алып, бір-бірімен қоштасуға қонақтарға жарты сағат қосымша уақыт бөлінеді. Сөйтіп, түнгі сағат 00:00-де той толық тарқауы тиіс.
Мұнымен қоса, тойдың барысын арнайы инспектор қадағалайтын болады. Инспектор қонақтарға шараптың орнына қымыз ұсынып, араққа қатты масайғандарды тойдан шығарып жіберетін болады. Ашық-шашық киінген әйелдерге тойда инспектор орамалдар үлестіріп, ұятты жерлерін жабуын талап етеді.
Кеш басында той қонақтарына өзін өзі ұстау әдебі мен ішімдіктің зияны туралы фильм көрсетіледі. Сонымен қатар, инспектор жиналғандарға Қазақстанның моральдық бет-бейнесі жөнінде түсіндіріп өтіп, брошюралар таратады.
Инспектор әдепсіз сайыстар мен қалжыңдар ұсынған асабаға жұмысын тоқтатуын талап етуге құқылы. Көпшілік алдында жалаңаштанатын қонақтарға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынатын болады. Мұнымен қоса, тойда ұятсыз әрекеттерге барған азаматтардың фотосы БАҚ-қа жарияланып, көшелерге қойылады.
Жаңа заң қазақстандық той-бизнесінің дұрыс дамуына септігін тигізеді деп санайды заңды құрастырушылар. Депутаттар аталмыш заң қоғамның моральдық құлдырауына жол бермей, қазынаны салықпен толтырумен қатар, мемлекет имиджін сақтайтын болады деп үміттенуде.
Міне, саған керек болса! Сонымен, тойға барсаң тойып бар (ішімдікке емес, әрине), анау-мынау жаман әдетіңді қойып бар. Әйтпесе, тойдың жуан ортасында сізді той иесі емес, инспектор итше сүйреп далаға шығарып тастайды. Дегенмен де бір сұрақ: осы талап билік басындағы жуандар мен байлықтан басы айналып, әуеден ақша жаудыратындарға қойылар ма екен?
Abai.kz