Жылыжай өнімдерінің бағасы арзандай түсті

0
435
3
Жамбыл облысында жылыжайлар тұрғындарды қолжетімді бағадағы көкөніспен қамтып отыр.
Өңірде бұл бағытта жұмыс жүргізудің жүйелі тетігі құрылған. Мұнда бюджет есебінен шаруа қожалықтарына субсидия беріледі, ал кәсіпкерлер өз өнімін аймақтағы коммуналдық базарлар мен сауда нүктелерінде қолжетімді бағамен делдалсыз сатып отырады. Соның арқасында әулиеаталықтар арзан қызанақ пен қияр, өзге де көкөніске қол жеткізіп отыр.
Досымжан Оразқұлов екі күн бұрын биылғы жылға бірінші өнімін жинап алды. Өзі өсірген қияр-қызанағын ол жергілікті сауда нүктелеріне жөнелтіп жатыр. Шаруа тауарын өткізе алмай қаламын деп қорықпайды, себебі арнайы белгіленген кезек бар. Мұндай жүйені жергілікті әкімдік ұсынған. Аймақта қазір 400-ден астам ірілі-ұсақты жылыжай кешендері жұмыс істейді. Биылдан бастап олар кезекпен өнімдерін нарыққа шығарып, бір жүйемен тірлік етуде.
Төмен әрі тұрақты бағаны қамтамасыз етуге жергілікті қазынадан бөлінетін субсидия ықпалын тигізді. Өсірілген қызанақ пен қиярлар бірінші кезекте коммуналдық базарларға жол тартады. Ондағы саудагерлер тауар құнына сәл үстемесін қосып, тұрғындарға сатады. Бұл жүйе бағаны негізсіз көтеретін алыпсатарлардың әрекетіне кәдімгідей тоқтау салды. Тараздықтар қазір бағасы арзан, сапасы жақсы ауылшаруашылығы өнімдері қайда сатылатынын жақсы біледі.
Нарықтағы бағаны реттеудің мұндай жолының тағы бір оң тұсы – көпшілік жыл он екі ай көкөніспен үздіксіз қамтамасыз етіледі. Бұл өз кезегінде тараздықтардың сырттан келетін тауардан бас тартып, жергілікті өндірушілердің өнімін тұтынуға үйретуде.
Кәрім Көкірекбаев, Жамбыл облысының әкімі:
– Бұрын барлығы бір уақытта өнім жинап, сататын. Бұл басында, әрине, бағаның арзан болуына ықпал етеді, сосын дайын өнім көлемі азайған сәтте, мұндай азық-түліктердің құны бірден 600-700 теңгеге бір-ақ баратын. Ал қазір біз кесте құрып, соған тиіс бағаның көтерілмеуін қадағалап отырмыз.
Былтыр жергілікті жылыжайларда 1200 тоннадан астам өнім өсірілген. Бұл аймақ сұранысын тек жартылай қамтуға ғана жетті. Сол үшін тағы 40 гектар аумаққа жылыжай тұрғызу жоспарланып отыр. Бұл шаруа 2018 жылға дейін біртіндеп жүзеге асырылады деп күтілуде.
Авторлары: Нұржан Мергенбай, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев

Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/otandy-nimdi-satyp-al/item/57428-j-t-sti

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз