Павлодарда құстардың әсем дауысы жазылған аудиожинақ жарық көрді. Орнитолог Сергей Чикин ерекше үнтаспаға 300-ден астам құстың үнін сыйдырған. Оларды су құстары, орман-тоғай, қыр, дала, тау, шөлейт құстары деп мекен ету жерлеріне байланысты топ-топқа бөліпті. Ең қысқа дауыс бар-жоғы 10 секундқа созылса, ұзағы 2 минут 38 секундты құрайды. Ертістің әсем табиғаты мен оны мекендейтін қанаттыларды зерттеп жүрген Сергей Чикин «осындай жинақ шығару көптен бергі арманым болатын», – дейді. Осылайша автор қоғамға табиғаттың кереметтігін танып-білуге үндейді. Бір жағынан, экологиялық және техногенді апат салдарынан қатары сиреп, жойылып бара жатқан құстарға қамқорлық керектігіне назар аудартпақ. Ол аудиожинақпен шектелмек емес. Келешекте Ертіс қойнауын мекендейтін құстардың суреттерінен көрме өткізуді жоспарлап отыр. Сергей Чикин, орнитолог: – Бұл аудиотоптаманың ерекшелігі, біздің жерді бұрын мекендеген, қазір тіпті кездеспейтін құстардың дауысы жазылған. Мәселен, қарашақаз, балқарағай торғайы, ірі жапалақ. Бұл табиғатта өте сирек кездесетін, Қызыл кітапқа енген құс түрлері. Қарашақаз Ямал түбегінде, ал ірі жапалақ Алтай өлкесінде, балқарағай торғайы да Алтайда өмір сүреді. Алайда астық шықпаған кей жылдары балқарағай торғайы біздің жаққа ауады. Мен оны соңғы рет 1995 жылы кездестірдім.
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/57421-yr-an