Қазақстанға Ресейден келетін ауыл шаруашылығы тауарлары жақын арада шектелуі мүмкін.
Осы аптада еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков үкіметаралық келісімдердің үшінші кезеңінің қорытындысы бойынша Ресей Қазақстанға экспорт көлемін қысқарту жөнінде міндеттемелер алу мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеді.
Министрдің сөзінше, рубльдің девальвациясынан кейін ресейлік тауарлар арзандап, қазақстандық құс, сүт өнімін өндірушілер айтарлықтай қысым көріп отыр.
Алайда министр, Ресей міндеттемелерді өз мойнына алған күнде шектеу қандай мерзімге және нақты қашан енгізілетінін нақтыламады.
Асылжан Мамытбеков Ресей тарапынан шешім қабылдауда созбалық барын жасырмады.
“Екі елдің арасындағы тауарлардың балансын жасадық. Сондай келісім бар. Бұрынғы деңгейден, орташа деңгейден артық тауар жібермеу туралы Ресей өзіне міндеттемелер алмақшы. Қазір оған дайындық жұмыстары әлі де жүріп жатыр”, – деді ведомство басшысы.
Дереккөз: Астана телеарнасы