Солтүстік Қазақстандағы «Арқалық» шаруа қожалығы былтыр ұлттық сусынның 45 мың литрін дайындады.
Айта кетейік, бұл – Қазақстандағы қысы-жазы бие байлайтын жалғыз орын. Отандық нарықта өз орнын тапқан кәсіпорын енді ресейліктердің шөлін қандыруды көздеп отыр. Айнагүл Ережепова қымыздың қыр-сырын жақсы біледі. Ол тәуліктеп бапталған сусынның сапасын тексеріп, құнарлылығын анықтайды. Бұл жерде оның қышқылдығы маңызды.
«Арқалық» шаруа қожалығы бие байлап, қымыз құюды осыдан 8 жыл бұрын қолға алды. Кәсіпорын тәулігіне 1000 литр бие сүтін өңдеуге қауқарлы. Ауруға ем, сауға қуат беретін сусын тың құрал-жабдықтарда дайындалады.
«Арқалық» шаруа қожалығының қымыздары тек қана осындай шыны құтыларға құйылады. Оның өз мәні бар. Өйткені мұнда сақталған сусын өзінің құнарлылығын 8 күнге дейін сақтайды.
Шаруа қожалығында төрт түліктің 400-дей төресі бар. Мұндағылар бие сауудың тың әдісін ойлап тапқан. Бұл жерде 4 жылқы қатар сүт береді. Сақтардың сүйікті сусынын сапыруға шетелдіктер де құмар екен.
Қымыз – шипалы сусын. Өнім Петропавл, Көкшетау және Астана қалаларында сатылады. Кәсіпорын енді Ресей елінің шекаралас аймақтарына да шығуды жоспарлап отыр.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов, Руслан Әлиев, Дмитрий Рура
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/otandy-nimdi-satyp-al/item/57516-eksporttalma