Жарықдиодты шамдар электр қуатын 12 есеге дейін үнемдейді

0
246
Төрт жыл бұрын «Индустрияландыру картасы» бойынша іске қосылған «Пролюкс» кәсіпорны – жарықдиодты шамдар өндірісін елімізде ең алғаш болып бастағандардың бірі. Мұнда аталған шамдардың 60-қа жуық түрі жасалады. Өткен жылы кәсіпорын 300 миллион теңгенің өнімін өндірген. Николай Абт, PROLUX KZ LTD кәсіпорнының директоры: – Қазір елімізде электр қуатын үнемдеуге үлкен бетбұрыс жасалып жатыр. Осы ретте жарықдиодты шамдар өте тиімді. Кейінгі жылдары жұрт оның пайдасын түсіне бастады. Сондықтан болар бүгінде біздің өнімге деген сұраныс өте үлкен. Мамандардың айтуынша, жарықдиодты шамдар қазіргі қолданыстағы шамдармен салыстырғанда электр қуатын 12 есеге дейін үнемдейді. Бұл шамдар өндіріс ошақтарын, теміржол бойын, жылыжайларды, ірі қоймаларды және қала көшелерін жарықтандыруға арналған. Александр Рот, PROLUX KZ LTD кәсіпорнының цех басшысы: – Біздің өнімдер сапасы жағынан ТМД елдеріндегі кәсіпорындармен бәсекеге түсе алады. Айталық, жарықдиодты шамдарымыз үздіксіз жанып тұрса, 100 мың сағат жұмыс істейді, бұл шамамен 12 жыл. Бірақ біз 4 жылға кепілдік береміз. Әмбебап шамдардың тиімділігіне жергілікті билік те көз жеткізіп отыр. Өткен жылы қаладағы орталық көшелерге 3300 шам орнатылған. Осылайша жергілікті қазынаның 66 милион теңгесі үнемделіпті. Азамат Иманбай, Қарағанды қалалық коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы: – Мәселен, бір ғана жарықдиодты шамнан жылына 20 мың теңге үнемдейміз. Оның үстіне бұл шамдар өте жарық әрі қызмет көрсету мерзімі де анағұрлым ұзақ. Егер тек кешкілік уақытта ғана пайдаланып отырса, 26 жыл жанып тұрады екен. Біз келешекте де осы кәсіпорынмен тығыз жұмыс жасай береміз. Тек отандық өнімді тұтынамыз. Кәсіпорындағы заманауи қондырғылар Германиядан жеткізілген. Үш цехта шамамен 30-ға жуық адам еңбек етеді. Мұнда шілде айында тағы бір желі іске қосылмақшы. Сөйтіп, көп кешікпей тұрғын үйлерге қажетті жарықдиодты шамдар сатылымға шығарыла бастамақ.

Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/ekonomika/item/57563-nemdejdi

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз