М.Шаймаран: Қытайда қалған қазақтардың жайы мені өте алаңдатады

0
671

murat

Астана. 6 сәуір. BAQ.kz – Мұрат Шаймаран 1969 жылы ҚХР Үрімжі қаласында туылған. 1988 жылдан 1993 жылға дейін ҚХР, ШУАР іле педагогикалық институтының қазақ тілі – әдебиеті факультетінде оқыған. 1993 жылы ҚХР, ШУАР «Күйтін газетінде» бас редактор болып қызмет атқарған. 1996 жылдан 1998-ші жылға дейін ҚХР, Нәнжин қаласында Қытай Халық университетінің журналистика институтында(сырттай) магистрант бөлімінде оқыған. 2000 жылы ҚХР, ШУАР журналистер одағы тарапынан «Үздік әдеби редактор» мәртебесіне ие болған. 2004 жылы атамекені – Қазақстанға бір жола қоныс аударған. Шаймаран Мұрат 2006 жылдан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде журналистика факультеті халықаралық журналистика кафдрасында оқытушы, 2008 жылдан 2010 жылға дейін факультет деканының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. 2010 жылы Қазақстан республикасының тәуелсіздік мерекесіне орай Қаз ҰУ ректоры Ғ.М. Мұтановтың қолынан мақтау қағазын алды. Шаймаран Мұрат республикаға танымал ақын. «Түнгі сарын», «Еркін аспан өлеңі» атты жыр кітаптарының авторы. Оның журналистика саласындағы тәжірибесі мол. Студенттермен тез тіл табысып, оларға мамандығы бойынша дұрыс бағыт-бағдар бере алады. Университет және факультетте өтетін барлық іс-шараларға белсене қатысады.

Ақын Мұрат Шаймаранның Атамекенге сағынышы бала кезінен басталады. Оның үстіне қиыр қонып, шет жайлап жүрген адам ғана Отанның махаббатын, қадір-қасиетін жақсы сезінсе керек-ті. Сондай ыстық сезім қазақ елінің тәуелсіздігі кезінде қаушағы тарыдай шашылған кез келген қазақ баласының басына орнаған жай. Ел егемендігін асыға күткендердің бір тобы – арғы беттегі осы студент жастар, Мұрат бастаған шетінен оғлан ұлдар болатын. Олар да ата-бабасынан сарылып жеткен сол тәуелсіздікті шекараның сым темірі бөлген арғы бетінде тұрып қарсы алды, қуаныштан көз жасына ерік берді. Ұлы дала ұландары, ата-бабаларымыз сақтаған елдің тәуелсіздігін көру бақыты ақын Мұрат Шаймаранға 2004 жылы бұйырды. Ол алакеуім таң алдында, поезбен Алматыға кіріп келе жатып Алатаудың алып сұлбасын көргенде көзіне жас алып, қасындағы жары Гүлмираға: «Болды, мен енді осы Алатауда қалам!» – деп кесімді ойын айтқан.

Елге біржола көшіп келуді де сол сәтте шешіпті. Елге оралғаннан кейін ақын жұрт қатарлы өмір сүре бастайды. Қазір ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Журналистика» факультетінде студенттерге дәріс беріп жүр. Ал Мұраттың рухани ағасы болып кеткен әріптесі жазушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзин ақын бауыры туралы қашан көрсең ағынан жарылып тұрады. Осы күні ақынның жанын қинайтын, қабырғасына аяздай бататын жай – өзінің қара басының қамы емес, қайта миллиардтың ішінде қалған миллион қаракөздің қыл үстіндегі тағдыры.
Бір сұхбатында ақын: «Қытайда қалған қазақтардың жайы мені өте алаңдатады, қабырғама бата береді, бұлар алып мұхитта, Титаник кемесінің үстінде кетіп бара жатқан секілді: әдемі сарай, жалтылдаған шырақ, тұрмысы жақсы бұлардың. Бірақ ол бәрібір құзға соғылады ертең. Ол соғылғаннан кейін быт-шыт болады. Сол секілді әзір Қытайдағы қазақтардың ұрпақтары, балалары барған сайын қытайланып бара жатыр. Енді өзіміз көріп жүрміз ғой, туысың бар ол жақта, жолдастарың бар, достарың бар, барған сайын кейде жүрегің жылап қайтатын жайт болады»,-дейді.

Алатауға жеткен арқырап…

(Жәркен Бөдешке)

 

Майлы мен Жайыр жонынан,
Жасыны ойнап бұлт аунар.
Көзімде тұрған көгілдір
Сағыныш сынды бұл таулар.
Қия бір жартас бетінде
Сұңқылдап қалды сұңқарлар,
Бәрін де алып келер ем
Жібермей қойды-ау сым торлар.
Кешіргін мені, жан аға!

Көлеңкесімен көлбеңдеп,
Көңілге кірді бір іңір.
Сыбырлап мұңын айтады
Өзімдей жаны сірі жыр.
…Жаулығын бұлғап жаутаңдап
Қап қойған соо-наау жылы бір,
Жасаған өзің өреге
Құрт жайып апаң тірі жүр.
Сүйінші маған, жан аға!

Желкілдеп өскен сол тоғай,
Желігіп аққан сол бұлақ.
Өзің бір сүйген сол сұлу
Ақұлпа жүзі албырап,
Жырыңды сенің оқиды
Жастыққа мас боп балбырап.
Елітіп аңқыр сол ермен,
Қылығы тәтті сол құрақ…
Есіңде ме сенің, жан аға?!

Кіндік бір қаның тамған жер,
Ол енді саған тым алыс.
Сағыныш деген самғар бел,
Жаныңа серік – жұбаныш.
Кіретін жиі түсіңе
Жазира дала,
Бұла ағыс –
Ертісің алып есіне,
Құлыстай етер қуаныш.
Сезесің бе соны, жан аға!?

Аңсаудан артық ауыр не,
Сөз бе екен ажал, тәйірі?!
Көзіңе қамшы салдырып,
Батты ма қайыс айылы;
Алатауға жеткен арқырап,
Қазақтың дүлдүл шайыры?!
Соғып бір өтсе маңдайдан,
Батыраштардың сойылы,
Есіңе туған ел түсер…

…бәрінде алып келер ем,
жібермей қойды-ау сым торлар…

 

 

Кетейік енді ауылға
Кетейік енді ауылға,
Ағаңның ұрлап мін атын.
Құлыстайда өскен құлан ем,
Қорғасын қара тұяқпен
Жер тарпып қана тұратын.
Бауырымда жатқан ғаламға
Тәкаппарлана мойын бұратын.
Құйрығым көкке шаншылып,
Қыратта сонау таңсәрі,
Кісінеп берем,
Бұл бұл дауыс –
Тәугі бір шағын сағынған
Азияттықтардың аңсары.
Жалымды менің тараған
Самалдың ғана саусағы.

Кетейік енді ауылға,
Ағаңның ұрлап мін атын.
Сол жерде сылқым – сұлулар
Бұлаққа қарап таранып,
Бұлаққа бетін жуатын.
Сүйемін деген сөзіңді
Көзіңнен ғана ұғатын.
Қапаста қалған қабылан
Мен едім, күйер жиі ішім.
Жатырмын ғұмыр кешіріп
Мына бір зағип заманның
Даңғаза әні мен биі үшін.
Сағындым сабын күректің,
Шылым мен тердің иісін.

Кетейік енді ауылға,
Ағаңның ұрлап мін атын.
Көкшатырлы мешіттен
Имамның қоңыр әуені
Асылып көкте тұратын.
Алматы деген арман ба,
Тұп-тұнық айды жамылып,
Жамылып көркем күн атын
Жынысын қоспай ешкімге
Ауылда өлсін бір ақын.
Кетейік енді ауылға…
Қырдағы жылқы даусы

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз