Қытайлық «Алибаба» компаниясы селфи арқылы интернет төлем жасайтын жүйені іске қоспақшы. Әзірге Smile to Pay деп аталатын биометриялық жүйе тәжірибеден өтуде. Бұл технология сәтті жүзеге асса, интернеттен тауар сатып аларда, құпия сөз керек болмай қалуы мүмкін. Бірақ сурет арқылы төлем жасауға күдікпен қараушылар да бар. Әлемде күніне миллиондаған адам өзін-өзі суретке түсіреді. Қытайлық компания адамзат баласының бұл әрекетін де бизнестің бір түріне іске асырмақ. «Алибаба» алпауыт интернет компаниясы тұтынушыларына төлем жасау үшін селфиді пайдалануға болатын мүмкіндік бермекші. Smile to Pay, яғни «жымиып, төлем жаса» деп аталатын биометриялық жүйе қазір тәжірибеден өткізіліп жатыр. Бет әлпетті анықтайтын бағдарлама жеке профильдегі сурет пен төлем жасар кезде түскен селфиіңізді салыстырады да, сәйкестік дәл келсе, ақшаңыз шешіледі. Чэнь Чжидун, Ant Financial техникалық директоры: – Жоғарғы технология бет әлпеттегі әрбір қимылды айнытпай тани алады. Бір адамның екі суретін салыстырып, 600 сәйкестік дәл келсе, төлем жасалады. Интернет компания ойлап тапқан бұл технология үнемі ұмытып қала беретін кілт сөздер мен PIN-кодты алмастырады. Тіпті қол телефоныңызды жоғалтып алсаңыз да, банктегі есепшот мәліметтері құпия сақталады деп сөз беруде. Биометриалық жүйенің дәлдігі сондай, адамның қартаюы, макиаж, тіпті сәл-пәл бет тарту операциясына дейін есептеп, келбетті тануда шатаспайды екен. Инь Ци, FACE жобасының жетекшісі: – Біз бұл жүйені күннен-күнге дамытып, көптеген мәлімет енгізіп жатырмыз. Сондықтан Smil to pay қашан жүзеге асатынын нақты айта алмаймын. Әлі біраз жетілдіру керек. Өйткені базада 10 млн адам жиналғанда, бағдарлама келбеті ұқсас адамдарды шатастырып алуы мүмкін. Қытайлар да әзірге күдікпен қарауда. Жың Ибао, Бейжің тұрғыны: – Мен, әрине, қолдаймын, бірақ қауіпсіздік жағына алаңдаймын, сондықтан төлем карточкама көп ақша сақтамай, қандай да бір зат сатып аларда ғана салып отырамын. Ал корпорация басшысы Джек Ма «жымиып, сатып ал» технологиясы алдымен қытайлық интернет пайдаланушылар арасында тесттен өткізіледі деп мәлімдеді. Бүгінде Алипэй жүйесі күніне 300 млн тұтынушыға қызмет көрсетеді. 2019 жылға қарай ұялы телефон қосымшасы арқылы онлайн сауда жасау нарығында 5 трлн АҚШ доллары айналымға түседі деп болжануда.
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/lemde/item/57615-hasa