Қазақстанда этникалық қазақтарға оралман мәртебесін иемденіп, Қазақстан азаматтығын алуда бірқатар жеңілдетілген шарттарды қабылдау ұсынылды.

Бұл туралы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің төрағасы Ақмәди Сарбасов мәлімдеді.
“Қазіргі таңда этникалық қазақтардың тарихи отанына оралуын жетілдіру, олардың қабылдаушы қоғам жағдайындағы бейімделу және интеграциялау жайын жақсарту мақсатында “Қазақстан Республикасының көші-қон және жұмыспен қамту жөніндегі кейбір заңнамалық актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасы жасап шығарылды”, – деп хабарлады Сарбасов.
“Заң жобасы этникалық қазақтарға оралман мәртебесін иемденуде (орналасу өңіріне қарамастан, оралман мәртебесін бастапқы иемдену), Қазақстан Республикасының азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алуда (оралман мәртебесін алғаннан кейін бір жыл ішінде) бірқатар жеңілдетілгеншараларды, сондай-ақ үкіметтің анықтаған өңірлеріне орналасқан жағдайда, әлеуметтік қоржын ұсынуды (көлік шығындарын өтеу, қызметтік тұрғын-жай немесе жатақханадан бөлме ұсыну) қарастырады”, – деп нақтылады ол.
Министрлік өкілінің ақпарынша, Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген (тіркеу) тәртіппен Қазақстан аумағында заңды негізде 4 жылдан кем емес уақыт тұрақты тұратын немесе Қазақстан азаматымен 3 жылдан кем емес мерзім некеде тұрған оралмандар алады.
Сонымен қатар азаматтықты жеңілдетілген (тіркеу) тәртіпте иемдену туралы материалдарды қарау мерзімі арыздың тапсырылған күнінен бастап 3 айдан аспауы тиіс.
Дереккөз: КазТАГ