Алматы облысының тұрғыны өзінің идеясын алып, кейін ақысын бермей кеткені үшін Баян Есентаеваны айыптады.
“Есентаева ақымды жеді” деген азаматтың әңгімесін NUR.KZ тілшісі тыңдап қайтқан еді.
Мына суреттегі жігіттің есімі – Ринат Каримов. Ринат Алматы облысының тумасы. Бүгінде ол белгілі актриса, әнші, продюсер Баян Есентаеваны “уәдесінде тұрмады” деп айыптап отыр.
“Мен 2012 жылы “Тракторшының махаббаты” фильімінде көрсетілген негізгі ойды Баян Есентаеваға телефон арқылы баяндап бердім. Фильмдегі оқиға желісі мен кейіпкерлер – менің идеям. Есентаеваға менің айтқандарым ұнады. Ол фильм шыққан соң, негізгі табыстың 30 пайызын беремін деп уәде етті. Баян ханым өзінің Алматыда еместігін айтып, қалаға келгенде келісімшартқа отыратынын айтты. Алайда, сол күннен бері телефон тұтқасын көтерген емес”, – дейді Ринат.
Ринат Каримов өзінің материалдық жағдайы төмен екенін, анасын шұғыл ауруханаға жатқызу қажеттігін айтады.
Ал Баян Есентаеваның өзіне хабарласқанымызда, ол сұрағымызды естіген соң біраз күліп алды. Содан кейін “Сіздер журналистер қызықсыздар. Менің ондай адаммен мүлде байланысым жоқ. Біраз уақыт болды, сол жігіт мені жамандап бірнеше журналистің басын қатырды. Мен сізге айтсам, ол – ақша жасағысы келіп, ашығып жүрген кедей, жағдайы жоқ жігіт. Ертең тағы бір жынды болмашы жайтты айтып, мені жамандағысы келсе, соны да жазасыздар ма?”, – деп өзімізге сұрақ қойды.
Ринат Каримовтың өзінен қандай да бір дәлел сұрағанымызда ештеңе көрсете алмайтынын айтты.
“Қолымда ешқандай дәлелім жоқ. Құқығымды заңдастырамыз деген кезде Баян Есентаева телефонын көтермей қойды. Ол қателесіп отыр. Фильмнің жартысы эфирге шыққанымен, әлі аяқталған жоқ. Егер ол менің ақымды төлесе, киноның қалай тәмәмдаларын түсіндірер едім”, – дейді Ринат.
Дереккөз: NUR.KZ