Алматыда экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментіні (ЭСЖК) басшысының бұрынғы орынбасары Мұратбек Қазыбаев тұтқындалды.
Қазір, экс-полковник тергеу изоляторына қамалған. Сондай-ақ, Алматы қалалық ЭСЖК-нің тағы бір полковнигі, Қанат Артықбаевқа іздеу салынды, деп хабарлайды «Қамшы» порталы КазТАГ-қа сілтеме жасай отырып.
Тұтқынға алынған экс-полковник Қазыбаев бұрын, ШҚО бойынша экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментін басқарса, Артықбаев Қарағанды облысы бойынша ЭСЖК басшысы қызметін атқарған.
Әзірге, құзырлы органдар аталмыш іске қатысты ресми мәлемдеме жасамаған.
Ал 2015 жылдың ақпанында Алматы қаласында қаржылық алаяқтықпен айналысып келген ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталған болатын. Кейбір деректерге сүйенсек, оларға ұзақ уақыт бойы финполдың экс-басшыларының көмегіне сүйеніп, жалған кәсіп одақ құрып, аса ірі көлемде қаржы қымқырған деген айып тағылған. Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері 20 жалған мекеме құрып, 2012 жылдан 2014 жыл аралығында 60 миллиард теңгеге жуық, ал салық есебінен 14 миллиард теңгені қалталарына басқан. Сондай-ақ, тергеу барысында анықталғандай, Алматы қалалық ІІБ қызметкерлері ұйымдасқан қылмыстық топтың 8 мүшесін құрықтаған. Олар: Федотов, Ильин, Баудинов, Каримов, Зубаров, Абдиев, Есенжанов және Шаукеров.
Сонымен қатар, 55 жастағы экс-басшы Әмірбек Аманбаев 2 наурыз күні тұтқындалған. Құқық қорғау қызметкерлері келген уақытта Аманбаевтың жүрегі қысылып, жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілген. Ал 5 наурыз күні Аманбаев қамауға алынған.
2014 жылдың күзінде Аманбаев ЭСЖК қызметінен босатылып, генпрокуратураға ауысқан. Тіпті, кейбір деректерде, Аманбаев ҚР Қаржы полициясы басшысы лауазымына басты үміткерлердің бірі болғандығы айталады.
Нұрзат Тоғжан