Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте “Қазпошта” акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Бағдат Мусин компанияның директорлар кеңесіне өзінің жалақысын қысқарту туралы ұсыныс жасағандығын мәлімдеді.
Бағдат Мусин
“Жалақының айырмашылығына тоқталатын болса, біздің салада оның айырмашылығы жоғары. Осы орайда біз (басшылық) жалақыны төмендету туралы ұсыныспен шықтық. Кеңес тарапынан “егер де осы қадам қабылданған жағдайда қанша қаржы үнемделеді?” деген сауал қойылды. Есептеулер барысында 0,01 пайыз көлемінде бюджеттен қаржы үнемделетінін айқындадық”, – деді ол.
Сонымен бірге Мусин басшылықтың жалақысын төмендеткеннен ешқандай нәтиже болмайтыны айтылғанын жеткізді.
“Бұл тұрғыда директорлар кеңесі біздің алдымызға табыстың жаңа көздеріне мән беруді жүктеді. Сонымен қатар олар осындай көтеріңкі жалақысы бізге жоғары талаптар қойылғандықтан белгіленгенін атап өтті”, – деді Мусин.
Оның айтуынша, “Қазпоштада” 22 мың адам қызмет етеді, оның 50 пайызы – ауылдық жерлерде. Қызметкерлердің жалақысын көтеру үшін “Қазпоштаның” табысын арттыру керек.
“Өткен жылмен 2013 жылды салыстыратын болсақ, былтыр біз 2,5 млрд теңге артық кіріс жасадық. Осы қаржының ішінде өндірістік қызметкерлердің еңбегін төлеу қорын өсіруге 2,2 млрд теңге бағытталды. Яғни, норманың үстіндегі табыстың 95 пайызын өндірістік қызметкерлердің айлығын арттыруға жұмсадық. Бұл тұрғыда әкімшілік қызметкерлер қамтылған жоқ”, – деді ол.
Естеріңізге сала кетейік, бұдан бұрын Бағдат Мусин “Қазпошта” АҚ басқарма төрағасы ретінде жалақысы 1,5 млн теңге екенін айтқан болатын. Салықтық төлемдер ұсталғаннан кейін қолына 1,2 млн теңге алады екен.
Дереккөз: ИА «Казинформ»