Елбасы Шығыс Қазақстан өңіріндегі металлургиялық зауыттар мен тау-кен байыту комбинаттар Қазақстанның мақтанышы екенін айтты. Бұл туралы президент «Қазмырыш» мыс балқыту цехының жұмысымен танысу барысында мәлімдеді деп хабарлайды Ақорда.
«Қазмырыш» ЖШС еңбек ұжымымен мемлекет басшысының кездесуі өтіп, оған Өскемен қаласының 7 мыңнан астам металлургы, сондай-ақ Қарағанды облысы Теміртау қаласындағы металлургиялық комбинат пен Павлодар қаласындағы алюминий зауытының жұмысшылары телекөпір арқылы қатысты.
Жиналғандарға арнаған сөзінде елбасы бұл кәсіпорын индустрияның тірегі, ал өңірдің металлургиялық зауыттары мен тау-кен байыту комбинаттары Қазақстанның мақтанышы екенін атап өтті.
«Компания кәсіпорны жыл сайын 450 миллиард теңгенің әлемдік деңгейдегі өнімін өндіреді. Оларда 20 мың адам еңбек етеді, технологиялық база ұдайы жаңғыртылып отырады, тиімді жұмыс үшін барлық жағдай жасалған. Мыс зауытының өзі ғана жылына 70 мың тонна сапалы катодты мыс шығарады. «Қазмырышқа» өңірдің дамуына қатысты да зор әлеуметтік жауапкершілік жүктелген, бұл мақсатқа кәсіпорын 3 миллиард теңгеге дейін қаражат бөледі. Компания есебінен медициналық орталық, балабақша, теннис орталығы, жабық бассейн, жекпе-жектер сарайы салынуда, өзге де ондаған әлеуметтік жобалар жүзеге асырылуда», – деді Назарбаев.
Сонымен бірге президент өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері жоғары екенін атап өтті.
«Облыста тек өткен жылы 20 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, 3300 пәтер, 14 аурухана, 21 мектеп салынды. 360 шақырым жол жөнделді. Тағы 5 мектеп ашу жоспарлануда. Бұл жұмыстар жалғасатын болады. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда, оның аясында біздер жол, индустриялық нысандар, қолжетімді баспана салып жатырмыз. Осының бәрі сіздер үшін, әрбір қазақстандықтың игілігі үшін жасалуда», – деді мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев өңірдің өнеркәсібін дамыту мемлекеттің басымдығы бар міндеттерінің бірі екеніне назар аударды.
«Шығыс Қазақстан елдің жарқыраған маржаны саналады және бұл тек табиғаты тұрғысынан ғана емес. Жиынтық өнім көлемі 1,5 триллион теңгені құрады, соның 60 пайызы өңдеуші өнеркәсіптің үлесі. Қазақстандағы инновациялық өнімдердің 20 пайызы нақ осы сіздердің облыста шығарылатыны да кездейсоқтық емес. Өңірге салынған инвестициялар көлемі 345 миллиард теңгеге жетеді. Шағын және орта бизнесті қолдауға 2 миллиард теңге, өндірістік инфрақұрылым құруға тағы 3 миллиард теңге бөлінеді. «Жұмыспен қамту-2020″ бағдарласын іске асыруға мемлекет 11 миллиард теңге бөлді», – деді президент.
Мемлекет басшысы тұрақтылықты, этносаралық және дінаралық келісімді сақтаудың маңыздылығын да атап өтті.
Сіздердің облыстарыңыз – ұлы адамдар шоғырын тудырған қасиетті жер. Бұл – Қазақстанның 100 этносының отаны. Өңірдің кіші Ассамблеясына 44 этно-мәдени орталық, 4 Достық үйі кіреді, ал олардың тәжірибесіне баға жетпейді және ол БҰҰ-ны қоса алғанда бүкіл әлемде зерттелуде
«Сіздердің облыстарыңыз – ұлы адамдар шоғырын тудырған қасиетті жер. Бұл – Қазақстанның 100 этносының отаны. Өңірдің кіші Ассамблеясына 44 этно-мәдени орталық, 4 Достық үйі кіреді, ал олардың тәжірибесіне баға жетпейді және ол БҰҰ-ны қоса алғанда бүкіл әлемде зерттелуде. Біз мұны сақтап, дамытуға тиіспіз», – деп атап өтті Назарбаев.
«Қазмырыш» ЖШС еңбек ұжымы өкілдері өз сөздерінде «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен институционалдық бес реформаға қолдау білдіріп, үдетілген индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылып жатқанына, кәсіпорынның бәсеке қабілетін көтеру үшін жағдай жасалғанына алғыстарын айтты.
Источник: NUR.KZ