Украина телекомпаниясы Назарбаевтың фотосын бұрмалап бергендері үшін кешірім сұрады

0
461

Украиналықтар өз телехикаясында Назарбаевтың фотосын пайдаланғандары үшін кешірім сұрады деп хабарлайды NUR.KZ.

Photo: Украина телекомпаниясы Назарбаев фотосын бұрмалап бергендері үшін кешірім сұрады

Телехикаяның бас продюсері Ирина Заря NUR.KZ тілшісімен сөйлесу барысында фотоны пайдаланғандарын растады.

«Шынымен, біздің «Одинокие сердца» телехикаясын түсіруде қателік кетті», — деді Заря.

Оның айтуынша, бұл жағдай 2012 жылы болған. Реквизиттерді тасып жүргенде, олардың жартысы жоғалып кетіп, түсіру алаңында жедел түрде жаңасын жасап шығуға тура келген. Реквизитор асығыс интернетте қолына түскен алғашқы фотоны пайдалана салыпты.

Бұл келеңсіздік біздің ұжым үшін үлкен сабақ болды. Мен Қазақстан президентінен, оның отбасынан және барлық қазақстандықтардан кешірім сұраймын

«Мен өз қызметкерлерім үшін қатты ұялып отырмын, және осындай олқылық кеткеніне өкінудемін. Біздің өкінішіміз қателікті түзетпейтінін де түсініп отырмын. Бұл келеңсіздік біздің ұжым үшін үлкен сабақ болды. Мен Қазақстан президентінен, оның отбасынан және барлық қазақстандықтардан кешірім сұраймын», — деді Ирина Заря.

Өз кезегінде, «УПС» (Украиндық продакшн студиясы) кинокомпаниясының бас директоры Ирина Черемис те бұл қателіктің кеткеніне өкінішін білдірді.

«Біз болған келеңсіздік үшін қатты өкінеміз және кінәмізді мойындаймыз. Өз тарапымнан және ұжым атынан бізбен достық қарым-қатынастағы мемлекеттің басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтан, жанұясынан және барша қазақстандықтардан шын көңілмен кешірім сұраймын. Біз бұл олқылықты жібергендерді міндетті түрде жазалайтын боламыз», — деп уәде берді Ирина Черемис.

«Сонымен қатар, украин халқы үшін Қазақстан мен қазақстандықтар жақын дос екендігін, еліміз Қазақстанның жетістіктерін бағалап, мемлекеттің және оның президентінің әлем мойындаған беделін құрметтейтінін айтқымыз келеді», — деді директор.

Естеріңізге сала кетейік, Ресейде түсірілген «Одинокие сердца» фильмінде президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасылық суреті пайдаланылды. Алайда фильмді түсірушілер аталған суретті өзгертіп, аула сыпырушы тәжік азаматының отбасы ретінде көрсеткен.

Бұл қазақстандық шенеуніктердің фотосына байланысты болған жаңылысулардың алғашқысы емес.

Атап айтсақ, 2013 жылы ресейлік ТВЦ арнасы эфирге «Прайм плаза» сауда орталығындағы жағдайды баяндайтын күлкілі сюжет жіберген болатын. Телеарна эфирде Алматыны Қазақстанның астанасы деп, оның әкімі Ахметжан Есімовты танымал қазақ әншісі деген. Олар да кетірген қателіктері үшін кешірім сұрады.

2014 жылдың тамызында ресейлік журналистер қателесіп, қазақстандық азаматтың жедел жәрдем жүргізушісін сабауы туралы сюжетте тәртіп бұзушы деп Қазақстан парламенті сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың фотосын көрсеткен. Кейін олар да өз қателіктерін мойындап, кешірім сұрады.

Ал  2015 жылдың ақпанында Қырғызстан ІІМ қызметкерлері еліміздің Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын кісі өлтіргені үшін іздестіріліп жүрген қылмыстық топ лидері Алманбет Анапияевпен шатастырған еді.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз