КӨЗГЕ КӨРIНБЕС ҚАРУЛАР ТУРАЛЫ НЕ БIЛЕМIЗ?

0
86

1281005174_1a140cf88ae1

1736 жылы кіші жүз ханы Әбілхайыр ұлысында болған ағылшын суретшісі Джон Кэстль:  «Мұнда жүргеніме сандаған айдың жүзі болды. Қырғыздардың( қазақтардың) түр-тұлғасы мен денсаулығы өте күшті. Бұған қоса айтарым  осы сапарымда бұлардың арасынан  бірде-бір  мүгедек пен ауру адамдарды ұшырата алмадым.  Мұның басты себебі  қырғыздардың (қазақтардың) жылқымен етене байланысында  жатқан секілді»,  – дейді.

Сонда  Хрущевтің қазақтың  кер даласын жаңғырта кісінеп, теңіздей толқыған көп жылқысын  пышаққа жығуының мәні  жайдан – жай болмағаны ғой.

Сөз түйіні сол ағылшын азаматын таң қалдырып отырған бұрнағы қазақтың бүгінгі  ұрпағының  денсаулығы  қандай?

Белгілі гинеколог Салтанат Байқошқарова ханым қазақ азаматтарының белсіздігі күннен-күнге артып бара жатқандығын айтса, әскери комиссариат (военкомат) отан қорғауға  жарамды жігіттеріміздің едәуір сирегендігін алға тартады. Кәдімгідей ойланатын жағдай. Мүмкін себептің жауабын «АУРУ АСТАН» деген бабалар өсиетінің ішінен іздегеніміз дұрыс шығар. Әйтеуір себеп көп те, жауап жоқ. Біз оқырман қауымға осы сұрақтар төңірегінде аз да болса мағлұмат алсын деген мақсатпен, ресейлік қандасымыз Төкен Өмірұзақ баласының  ғылыми мақаласын  арнайы  ұсынып отырмыз.

Құрметпен Ықылас Ожайұлы

Ресей кеденi федералдық қауiпсiздiк қызметiнiң құпия баяндамасына сiлтеме жасай отырып, ресейлiктерден гендiк анализ жасауға  арналып алынған биологиялық материалдарды шекарадан шетке өткiзбедi. Батыс пен Ресей арасында димпломатиялық деңгейде жанжал туғызған бұл жағдай генетикадан мағлұматы бар адамдарға көп нәрсенi аңғартқан едi.

Өйткенi, Батыс  тарапынан жау немесе қарсылас деп танылған қандай бiр халықтар мен ұлттардың өкiлдерiн ғана таңдап  өлтiрiп жоюға қабiлеттi жаңа биологиялық қаруды сол батыстың арнайы қызметтерi ғалымдарға  жасатып шығартуы бүгiнгi  таңда әбден ықтимал болып отыр. Тiптi жасатып жатуы да мүмкiн.

Осындай екi ойлы жағдайда «биологиялық қару», «гендiк қару» деген сөзтiркестерi әркiмдерге әртүрлi ассоцияция туғызады. Мысалы, микробиологтар «гендiк қару» деп қатерлi  микроорганизмдердi инжиниринглеу әдiстерiн айтса, әскерилер гендiк қаруды жаппай жойғыш бактериологиялық қару деп түсiнедi. Ал Ресей елiнiң қауiпсiздiгiн қызғыш құстай қорыған федералдық қауiпсiздiк қызметi үшiн «шаһит белбеуi» мен ресейлiктердiң биоматериалдары салынған пробирканың (шыны түтiк құтының) қай-қайсысы да бiр-бiрiнен айырмашылығы жоқ қауiптi қару болып табылады.  Осылайша Ресей Федерациясының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету қызметi гендiк деңгейде әрекет ете бастауы – адамзат баласын қасiретi ядролық қарудан да кем емес тағы бiр үрейлi сынақ күтiп тұр деген сөз.

Сондықтан да, қай елдiң азаматтары болмасын биологиялық қарудың жаңа гендiк (генетикалық) түрiнiң не екенiн бiле жүргендерi жөн сияқты.

Тарихи шегiнiс

Биологиялық қарудың алғашқы үлгiлерi қай кезде кiммен жасалына бастағанын тап басып ешкiм айта алмайды. Деседе, биоқарудың ерте заманда қолданыс тапқандығы туралы мәлiметтердi ортағасырлық қолжазбалардан кездестiруге болады. Биологиялық қаруды алғаш болып қолданғандардың бiрi Алтын Орда ханы Тоқтамыс делiнедi.

1346 жылы алтынордашылар Қырымдағы генуэздiктердiң Каффа қамалын шабулдап қоршаған кезде, Тоқтамыстың әмiрiмен бекiнiстiң iшiне бубон обасынан опат болған адамдардың өлiктерi мен жануарлардың жемтiктерi лақтырылып тасталған. Нәтижесiнде Каффа қамалының тұрғындары ғана қырылып қоймай, оба iндетi бүкiл Еуропаға жайыла тарап, 25 миллион адам құрбандыққа шалынып өлдi. Тоқтамыс ханның өзi де Каффа қамалының шабуылына қатыстырған сарбаздарының бәрiнен түгелдей айрылды. Өйткенi қатерлi бактерияларға кiмдi өлтiрсе де бәрi бiр едi.

20-ғасырдың басында  қояндарға тауықтың тырысқақ дертiнiң (холераның) бацилласын жұқтырған Пастердiң алғашқы тәжiрибелерiнен кейiн биологиялық қарудың бактериологиялық түрiн жасап дамыту жұмысы ғылыми жолға қойылды. Сарапшылардың есебi бойынша 1-дүниежүзiлiк соғыстан бактериологиялық қаруды жасауға және қолдануға тиым салған 1972 жылғы халықаралық Келiсiмшартқа  дейiнгi аралықта қатерлi микроорганизмдердi  әскери мақсаттарда пайдаланудың 250-дей жағдайы болыпты. Осы жөнiнде төменде бiрнеше мысалдар келтiре кетейiк.

Өткен ғасырдың 70-80 жылдары  бұрынғы социализм лагерi елдерiнiң көпшiлiгiн  тарақандар мен қандалалар жайлаған жағдай болды. Насекомдар, әсiресе бұрынғы Кеңестер Одағы жұртшылығының отбасы тұрмысының берекетiн тым кетiрген болатын. Тарақандар азық-түлiктi ластаса, қандалалар түн баласында ұйықтатпай көбiмiздiң қанымызды сорушы едi. Осы сансыз да санасыз насекомдар тұрғын  үйлер мен мемлекеттiк, өндiрiстiк ғимараттарды ғана емес, жолаушылар поездарын да жаулап, сол кезде адамдардың көбiне гигиеналық және моральдық дискомфорт жасайтын. Бұл жағдай, шындығында, бұрынғы социалистiк қоғамның құрылысын iшiнен iрiту үшiн батыстың қуатты капиталистiк мемлекеттерi тарапынан жүргiзiлген сан алуан диверсиялардың бiрi – биодиверсия едi.

20-ғасырдағы биологиялық қарудың бактериологиялық түрiндегi қолданысының ең белгiлiсi де, үлкенi де – АҚШ-тың 1980-жылы Куба елiне жүргiзiлген биошабулы. Сол кезде  Куба экспортының негiзгi өнiмi шошқа етi мен қант құрағы (тростник) болды. Сондықтанда Бостандық аралының экономикасын қирату мақсатымен АҚШ Кубаға қарсы биоқару ретiнде шошқаға тән геморрогиялық конъюнктивит дертi мен қант құрағы ауруларының бiрiн қолданды. Нәтижесiнде Кубада бүкiл шошқа иiстiлер түгелiмен қырылып, отырғызылған қант құрағының 80-дей пайызы қаза болды. Американдықтар Куба экономикасына қарсы биоқаруды қолданғанда осы екi аурудың қоздырғыштарымен залалданған масаларды пайдаланды деген сыбыс бар.

Биоқарудың бактериологиялық түрiндегi қысқаша өткен тарихы осындай.

Ал, биоқарудың бүгiнгi және болашақ тарихы оның жаңа пайда болған генетикалық түрiмен жазылатын болғандықтан сөзiмiздi одан әрi өрбiтудi жөн көрдiк.

Ген құпиясы

2000-шы жылы, яғни адам баласы 21-ғасырдың табылдырығын аттар алдында ғалымдар адам геномының құпия-сырын ашты. Бұл адамазат өмiрiнде маңызы үлкен тарихи оқиға болып, жаңа 21 ғасырды генетика ғылымының дәурендеу дәуiрi болады деп сенiммен айтуға мүмкiндiк бердi.

Геном – хромосомалық тұқым қуалау  факторларының жиынтығы. Басқаша айтқанда геном дегенiмiз адам ағзасының бүкiл күрделi биологиялық суретiн салып беретiн 100 мыңға жуық гендердiң бiрегей реттiлiгi. Бiр қызығы, әртүрлi ұлттар мен халықтар бiр-бiрiнен  сырт бейнесi, тiлi, дiлi бойынша ғана айырмашылықта болмайды екен. Негiзiнен, олардың басты айырмашылықтары  гендерiнде жатса керек. Әртүрлi ұлттарға әртүрлi гендер комбинациялары сәйкес келедi дейдi ғалымдар. Қазiргi кезде әртүрлi этностар өкiлдерiнiң гендiк деңгейдегi айырмашылығы ғылыммен ресми түрде бекiтiлген.

Кез-келген этностың қандай бiр химиялық препаратқа бiлдiретiн реакциясын осы этностың өзiне ғана тән гендерiнiң жиынтығы  анықтайтындығы ғылымға белгiлi болды. Ғалымдарды қызықтырғаны да, таңдандырғаны да осы бiрегей ерекшелiк едi. Мысалы, лабораториялық зерттеу барысында монголоидтардың көпшiлiгiнде  алкогольды ыдыратушы фермент-алкогольдегидрогеназдың болмайтындығына ғалымдар көз жеткiздi. Сондықтан да iшiмдiкке салынған монголоидтардың көбi осы ферменттiң  жетiспеушiлiгiнен болып ой-сана және моральдық күйзелiске еуропалықтармен салыстырғанда тез ұрынатыны белгiлi болды.

Ұлттар мен ұлыстарда болатын осындай ерекшелiктi адам геномы ашылмастан әлде-қашан бұрын байқап көре бiлген батысеуропалықтар Америка құрлығын жаулап отарлау барысында жергiлiктi үндiстердiң табиғи төзiмдiлiгi мен тәуелсiздiкке құмарлық қабiлетiн «отты судың» (арақтың) күшiмен жоя бiлдi. Өз  дәурiнде салтанат құрған Кеңес үкiметi де бұратана ұлттар мен ұлыстарды (тiптi ұлы орыс ұлтын да) мәңгүрттендiруде спирттiк iшiмдiктердi тиiмдi пайдаланды.

Монголоидтармен, негроидтармен салыстырғанда ақ нәсiлдi адамдарда кең тараған гендегi CCR5 рецепторының бүлiнуi АИТВ (ВИЧ) – инфекциясының клиникалық симптомдарының белең алуын әлде қайда кеш бiлтiретiндiгi дәлелдендi. Қытай елi жұртшылығында жиi кездесе беретiн 12SpPHK генiнiң мутациясы антибиотиктердiң кейбiр түрлерiн қолданған кезде кереңдiк туғызатындығы анықталды. Ал, CYP2C19 генiнiң мутациясы жаулаған жапондықтарға кәдiмгi құрысқақ дертiне қарсы препараттарды қолдану қауiптi екен. Өйткенi, бұл препараттар оларды сомнабуликалық күйге түсiретiн көрiнедi (ұйқылы күйiнде тұрып жүрiп кетедi). Еуропалықтарға үйреншiктi тамифлю препараты 54 жапон адамдарының қазасына себепкер болып, көптеген науқастарда галлюцинация мен психикалық проблемалар туғызыпты. Ұйықтар алдында мефенитин препаратын қолданған ондаған жапондық жасөспiрiмдер түн ортасында төсектерiнен тұрып, ұйқылы (санасыз) күйде терезелерден секiрiп мерт болды деп жазды кезiнде жапондық баспасөз.

Биоқарудың гендiк түрi немесе этностық қару

Адам геномының түрi өзгертiлген бактериялар мен  вирустарға және де әртүрлi химиялық препараттарға  қатысты осыншалықты бiрегейлiк ерекшелiгiн дамысты батыс елдерiнiң саяси және әскери билеп-төстеушiлерi назардан тыс қалдыра алмады.

Адамзаттың сорына орай тарихта алғаш рет қайталанбас этностық қару жасау мүмкiндiгi туды. Ядролық қару секiлдi кiмдi болса соны жаппай жоятын ессiз емес, тек агрессорлардың өздерi жек көретiн этностардың өкiлдерiн ғана таңдап өлтiретiн «ақылды қаруды» ежелден армандап келген  батыстың кейбiр билеушiлерi мен әскерилерi геномның этностық бiрегейлiгiн нысана ете отырып, гендiк қару-жарақты ғалымдарға жасату жұмыстарын жасырын түрде жүргiзе бастады. Әрине, ғылымның ең жаңа салалары –  биотехнология мен нанотехнологияны меңгерген ғалымдар үшiн әр түрлi бактериялар мен вирустарды модификациялаудан, немесе этностың гендерiн талқандайтын химиялық препараттарды жасаудан оңай ештеңе жоқ болып барады. Бар-жоғы, патогендiк (ауру туындатушы) агент «қажеттi гендi» iстен шығара бiлсе болғаны. Мұндай  жағдайда жеңiс қашанда агрессорлар жағында болады.

2001 жылы американдық әскери медицина институтының жұмыссыз қалған қызметкерлерi бiрнеше газет редакциялары мен телеарналарға сібір жарасының қоздырушы вирустары салынған конверттердi поштамен жөнелтедi. АҚШ-қа жасалған бұл биологиялық шабул құрбандыққа шалынғандардың санымен емес, ең әуелi бүкiл американдық нацияның зәре-құтын ұшыруымен талқандағыш сипатқа  ие болды. Тылсым қарудың американдықтарды үрейлендiргенi сонша, 2004 жылы АҚШ-та 5,6 млрд. долларға бағаланған «Биоқалқан» атты 10 жылдық бағдарламаны iске асыру туралы заң қабылданды. Артынан iле-шала Орталық Барлау Басқармасы гендiк инженерия әдiстерiнiң көмегiмен биологиялық қарудың жаңа гендiк түрiн жасап шығару мүмкiндiгi туралы ақпарат таратып, әлемдiк қауымдастықты ескертiп алаңдатты.

Ендi бiз, тек славян тектi не парсы тектi адамдарды ғана, немесе бойы аласа адамдарды ғана, немесе арабтарды ғана, немесе латин-американдықтарды ғана таңдап тауып өлтiретiн бомбаны көз алдымызға елестетiп көрелiкшi. Осы бiрегей бомба қандай бiр елдi мекенге тасталды деп ойлайық.  Ондай жағдайда мұндай қару өзiнiң профилiне сәйкес келген этностың өкiлдерiн ғана түгендеп өлтiредi де, сәйкес келмегендердiң бәрiн зардапсыз тiрi қалдырады. Мiне, әлеуеттi агрессорлар үшiн гендiк қарудың «құдiреттiлiгi» мен тиiмдiлiгi осында жатыр.  Бактериологиялық қару өзгелердi ғана емес, агрессорлардың өздерiн де өлтiруге қабiлеттi болса, гендiк қару өзгелердi өлтiредi де агрессорлардың өздерiн «аяп» тiрi қалдырады. Сонысымен де гендiк қару құнды.

Гендiк қаруды қолданғанда бомбаны пайдалану мiндеттi емес. Генетикалық соғыс бiлiнбей дыбыссыз басталады дейдi ғалымдар. Әншейiнде қандай бiр патогендiк агент қарсылас елдiн аумағына жасырын түрде жеткiзiлуi керек. Мысалы, iшiне генетикалы модификацияланған бактериялар еңгiзiлген көкөнiстер мен жемiстер арқылы жеткiзуге болады. Көкөнiстi немесе жемiстi жеген адамдардың ағзаларына енген патоген ДНК-ның құрылымына кiрiгiп, өмiрге қажеттi аминқышқылдардың өндiрiлуiн бөгейдi. Басқаша айтқанда гендiк қару адамдар организмдерiнiң өзiн-өзi жою механизiмiн гендiк деңгейде iске қосады. Сондықтан да гендiк қарудың өзi адамдарды өлтiре бастағаннан кейiн ғана белгi бередi. Бiрақ генетикалық соғыс басталған жағдайда оны тоқтатып болмайды. Мүмкiн бұл соғыс бiздiң осы күрделi дәуiрiмiзде басталып та кеткен болар. Қандай бiр елдерде  құрбандыққа шалынып жатқан жазықсыз жандар да бар шығар. Оны кiм бiлсiн?

Гендiк қарудың басқа қарулардан тағы бiр айырмасы – ол адамның түйсiк органдарымен сезiлмейдi: көзге көрiнбейдi; қолға ұсталмайды; құлаққа естiлмейдi; онда иiс те, өң де, пiшiн де, салмақ та жоқ. Ең бастысы – ол өмiрден басқа ешнәрсенi бүлдiрмейдi. Сондықтан да гендiк қаруды жасырын жағдайда жасау да,  сақтау да, қолдану да оңайға түседi.

 

Биотерроризм мүмкiн бе?

Қазiргi  гендiк инженерияның қарқынды дамысы мен гендiк терапияның таңқаларлық жетiстiктерi әлемдiк ақпарат құралдарын бей-жай қалдырмай отыр. Соңғы жылдары биологиялық терроризм туралы сөз айтыла бастады. Биотерроризм – бүгiн тек әртүрлi iндет дерттердi өршiтетiн бактериялар мен вирустар ғана емес, ол гендiк деңгейдегi проблема.

Қазiргi гендiк  инженерлер тiрi жасушалар iшiне өздiгiмен кiре алып, белоктардың күшiн бөгеумен осы тiрi жасушаларды жансыздандыруға қабiлеттi екi тiзбектi РНК-ны зерттеу үстiнде. Бұл зерттеулердiң нәтижелi болатынына ешкiм күмәнданбайды да. Күнi ертең көзге көрiнбес этностық қарудың жасалуы нақтылыққа айналуда.

Сарапшылардың пайымдауынша қандай бiр этносты жақын болашақта жою үшiн сол этностың кез-келген  өкiлiнiң қаны, сiлекейi, терiсi мен тiнiнiң бөлшектерi сияқты кез-келген биоматериалдарының қай-қайсысын тауып алып керектенуге болады. Өйткенi гендердiң толық жиынтығы, яғни кез-келген адамның жаратылыстық ерекшелiктерi мен оның қандай ауруларға бейiмдiлiгi туралы толық ақпарат сол адам ағзасының кез-келген жасушасында болады екен. Әуелiде биоматериал этностан олжаланып алынады. Олжаланған биоматериал құпия лабораторияларда зерттеулерден өтiп, сол этностың геномы анықталады. Осы геном бойынша қару жасалады. Содан соң әлеуеттi террористердiң көздеген түпкi мақсаттары бойынша жойылуға тиiстi этносқа қарсы гендiк қару қолданылуға тиiс. Мысалы, жыныстық гендерге ғана әсер ету арқылы бүкiл бүтiн бiр халықты болашақта бедеулiкке ұрындыруға болады екен. Әрине, мұндай биотерроризм қандай бiр елде демографиялық дағдарыс туғызу мақсатында iске асырылуы мүмкiн. Жалпы, бүгiннiң өзiнде де су және азық-түлiк өнiмдерi арқылы түрi өзгертiлген гендер бәрiмiздiң ағзамызға толасыз енгiзiлiп жатыр. Бiрақ генетикалы модификацияланған өнiмдердiң (ГМӨ) адам ағзасына тигiзер әсерi қандай болатынын әзрше ешкiм бiле бермейдi. Қазiргi қолданыстағы азық-түлiк ГМӨ-дерiнiң салдары кез-келген халықтың келешек ұрпақтары үшiн жан түршiгерлiк қауiптi болуы мүмкiн. Және де осы заманғы гендiк терапия аясындағы ғылыми жетiстiктердi жасырын жағдайда бiртiндеп биоқаруға айналдырып жатқандар да бар шығар. Бiз ол жағынан да бейхабармыз. Әйтеуiр, қайда барсақ та алдымызда «Қорқыттың көрi»  дайын тұрған сияқты.

Сондықтан да, қазiрдiң өзiнде де бiз биотерроризмнiң жазықсыз құрбандарына айналып жатқан жоқпыз ба деп өзiмiзден де, өзгеден де сұрауға қақылымыз. Бiрақ та жауап бере алатын адам табылар ма екен!

Алтай БАЙКАЛ (Төкен Өмiрұзақ),  Ресей азаматы

«Қамшы» сілтейді

 

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз