Мәжіліске келген Мұсабаев тілшілерден қашып шықты

0
47

Депутаттардың сұрақтарынан әрең сытылып шыққан «Халық қаһарманы» тілшілерге сұхбат бермейтінін айқайлап айтып, көлігіне мініп кетіп қалды деп хабарлайды 31 арна.

Скриншот: 31 арна
Скриншот: 31 арна

Депутаттар ғарышқа бөлінген 1 жарым миллиард доллардың  пайда әкелмегенін айтып Мұсабаевты сынға алды. Алайда мұндай құпия мәліметті қалай  біліп қойғанына аң таң-таң болған  Аэроғарыш комитетінің төрағасы әдеттегідей бет бақтыртқан жоқ. Есесіне, Қазақстан ғарыш державасына айналып келеді, тіпті Ресей бізден спутниктік суреттер сатып алмақ деп мақтанды. Бірақ Мәжілістен «уралап» шыққан Мұсабаев ғарыштан түсірілген фотолардың бағасын ақыры айтпай кетті деп хабарлайды КТК арнасы.

Талғат Мұсабаевтың бүгінгі баяндамасы Қазақстан мен Франция арасындағы ғарыш жүйесін құру және пайдалануға қатысты болған еді. Қазіргі кезде отандық технология деп айтып жүрген жер серіктері мен зондтау құрылғыларының бәрі дерлік осы елмен бірлесіп құрастырылғаны мәлім.

Төрағаның өзі айтқандай миллиардтаған қаржының желге ұшқанын депутаттар да ұмыта алмаса керек. Сұрақты бірінен соң бірі қойды.

Бәріне «өте керемет сауал болды» деп сылап-сипаған комитет төрағасы, депутаттардың мұнша көп білетініне таңданатынын да айтып қалды. Қанша жұмсартпақ болса да, Мұсабаевтың жауабына мәжілісмендердің көңілі толмады.

«Қазіргі «ҚазГеоСат-2″ деген жер серігі бар ғой. Әлі біздің меншігімізге алынған жоқ. Ештеңе түсірмей жатып дұрыс ұшпайды дейді. Мохавиктері дұрыс жұмыс істемейді дейді. Соны қалай жөндейді? Соны да сұрау керек еді жаңа Талғаттан. Соны сұрай алмадым. Сұрағыма дұрыс жауап алған жоқпын», — деді отырыс сыртында Мұсабаевты «хабардарлығымен таңғалдырған» мәжілісмен Тұрсынбек Өмірзақов.

Депутаттар күткен жауапты біз естімек болып едік. Алайда, отырыс біте сала сыртқа тұра ұмтылған Талғат Мұсабаевтың тілшілермен де тілдесетін көңіл-күйі жоқ екен.

«Ассалаумағалейкум! Бүгін бізде сұхбат болмайды!», — деп, қайда асыққанын айтпаған Талғат Мұсабаев ештеңеге қарамастан кете барды.

Бір емес екі елдің батыры атанған азамат осыдан 2 жыл бұрын бүгінгіден де ерсі қылық көрсеткен болатын. Байқоңырда құлаған «Протон-М» зымыран тасығышына қатысты үкімет отырысынан сыналып шыққан Талғат Мұсабаев, бар қаһарын сұрақ қойған журналистке төккен еді.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз