Жәбірленген қыздардың бірінің туыстары болған жайттың мән-жайымен бөлісті. Олар Today.kz тілшісіне берген сұхбатында ұсталған үш адамның бірі облыстық соттың лауазымды қызметкері, екіншісі ірі кәсіпкер болуы мүмкін деген күдігін айтты.
![]() |
Байланысқа шыққан әйелдің айтуынша, күдіктілердің бірі жәбірленген қызбен таныс болған. Ал екінші қызды ол сыртынан көріп ғашық болып, кейін сөз айтқан көрінеді. Алайда, жеткіншек қыз келісімін бермепті.
«Бұл іске тағы бір қыздың қатысы бар. Менің ойымша, олар алдын ала сөз байласып, кәмелетке толмаған қыздарды зорлыққа салады. Біз ол қызбен сөйлестік. Бірақ, ол өз кінәсін мойындамай отыр», — дейді жәбірленуші қыздың туысы.
Оның сөзіне сенсек, белгісіз үш ер азамат оқушыларды 11-ші шағынауданнан ұстап алып, мәжбүрлеп арақ ішкізген.
«3 сәуір күні 11 шағынаудандағы дүкеннің алдындағы бейнекамераның кадрларынан қыздардың мас екенін анық аңғаруға болады. Кейін оларды көлікке отырғызып, Нұрсәт шағынауданына алып барады. Қыздарға «сауыққаннан кейін дереу үйлеріңе жібереміз» деп уәде беріп, пәтерге кіргізген. Мұнан кейін оларды алып келген үш жігіт оқиға орнынан кетіп, пәтерге өзге үш ер азамат кіреді. Зорлаған да сол үшеуі», — дейді жәбірленуші тарап.
Қыздың туыстары күдіктілердің бірімен хабарласып көрген екен. Алайда, ол да ат-тоңын ала қашып, қылмысқа қатысы жоқ екенін айтқан. Бірақ, неге екені белгісіз, ол шын қылмыскерлерді тауып беруге уәде беріпті.
Сұхбаттасқан әйелдің айтуынша, сәуірдің 3-нен 4-не қараған түні оқушы қыздарды оқиға болған пәтерге қамап кеткен. Олар сол жерде ас-ауқатсыз сәуірдің 6-на дейін жатыпты. Үйді әбден тінтіген екеуі есіктің кілтін тауып, сол күні қашып шыққан. «Жеңіс» саябағына жетіп, екеуі де өздеріне қол салмақ болған көрінеді. Сәтін салғанда көшедегі жаяу жүргіншілер оларды ес-түссіз жатқан жерінен тауып алып, ауруханаға жеткізген.
Туысының айтуынша, қазір екі жеткіншектің де жағдайлары бірқалыпты, өмірлеріне қауіп жоқ. Енді олар күдіктілердің кек алуынан қорқып отыр.
«Кінәнің барлығын ең кіші күдіктінің мойнына іле салмақшы. Күдіктілердің бірі — облыстық соттың лауазымды қызметкері. Оның билікте танысы көп. Екіншісі — ірі кәсіпкер, өзінің дүкендер желісі бар. Біз полицияның жасап жатқан жұмысын көріп отырғанымыз жоқ. Бізге қазір ең бастысы қыздарды зорлаған қылмыскерлерді босатып жібермей қамап тастау. Біз қыздарымыз жоғалып кеткен күні полицияға арыздандық. Олар дүйсенбіге дейін күтіңдер деп қайтарып жіберді. Дүйсенбіге дейін өзіміз іздеп, күдіктілерді тауып алдық. Қыздар табылғанға дейін полиция басты күдіктіні айғақ жоқ деп босатып жіберген» дейді жәбірленген қыздың туысы.
Естеріңізге салайық, Шымкентте 15 жастағы екі оқушы қыздың зорланғандығы туралы хабарланған еді. Аталған қылмыстық іске байланысты үш күдіктінің қамауға алынған. Олар 1988, 1990 және 1996 жылы туған Шымкент қаласының тұрғындары.
Источник: BAQ.KZ