Қазақстанға жұмыс істеуге келген банкир өзін не таңғалдырғанын баяндады

0
349

Қазақстан менталитетінде Ресей және Украинамен салыстырғанда ерекше тұстары бар деп санайды Qazaq banki мекемесінің атқарушы директоры Ирина Давиденко.

Photo: Қазақстанға жұмыс істеуге келген банкир өзін не таңғалдырғанын баяндады
Фото allwrite.kz сайтынан алынды

Қазақстанға алғаш рет 2004 жылы келген Давиденко Esquire басылымына берген сұхбатында қазақстандықтардың менталитетіндегі айрықша тұстарды тізбектеп берді.

«Мен қазақстандықтар менталитетіндегі ерекшелік «өзгені қабылдай білу» екендігін байқадым. Көпшілігі «қабылдай білу» дегенді «шыдап жүрумен» шатастырады. Ал қазақстандықтар болса бұл сөзді дұрыс түсініп, өзге елдің тиімді тұстарын өздеріне ыңғайлы етіп қабылдауға машықтанған. Сол себептен болар, Қазақстанның кей әлеуметтік, экономикалық реформалары Ресеймен салыстырғанда толыққанды жүзеге асты. Атап айтсам, Қазақстанның  ХҚКО-ны енгізу (Ресей әлі жөнді қолға алмаған), тиімді банк жүйелерін құру сияқты жаңартулары мақтауға тұрарлық».

Ресейде, Украинада және бірқатар Еуропа елдерінде жобалар жүргізген Давиденко қазақстандықтардың ұсыныстарға нақты жауап қайтармайтын әдетіне таң қалғандығын жасырмады.

«Мен алғашында ұсыныстарыма Қазақстанда не «иә», не «жоқ» деген жауап қайтпайтындығына кәдімгідей үйрене алмай келдім. Абдырап не істерімді білмей қалған кездерім де болды. Бірақ уақыт өте келе бұл белгісіздік ұсыныстарыңды жүзеге асыруға берілетін мүмкіндік екенін ұқтым. Егер жұмысың көңілдерінен шықпай жатса, бірден ұнамағандығын айтып, тоқтатуды сұрайды», — деп толықтырды ол.

Давиденко Қазақстанның қос тілді саясатын дұрыс деп санап, Украинаның орыс мәдениетін қабылдамауын түсінбейтіндігін айтты. Оның ойынша қос тілде де еркін сөйлеуді ұстаным еткен Қазақстан халқы — дана халық.

Басшы қазақстандықтардың маһаббат мәселесінде де өзгелерден ерекше екендігін аңдаған.

«Тек аңыз бен ертегілерде кездесетін қыздардың жүрегін жаулаудағы жігіттердің ерлігі шынайы өмірде Қазақстанда жиі көрініс табады. Украина мен Ресейде мұндай қызықтар көп бола бермейді. Ресейлік жігіттер әйелінің немесе қайын енесінің сөзінен әрі аспауды жөн көрсе, қазақстандық ерлер бағынышытылықты ұнатпайды», — деп түйіндеді Давиденко.

Оның ойынша, қазақстандық әйелдердің де Ресей мен Украинадағы нәзік жандылардан айырмашылығы бар.

«Мәскеуде қыздар ер кісілерше қатал іскерлік үлгідегі киімді дұрыс көреді. Артық ештеңесі жоқ қарапайым костюм кию — кәсіпқойлықты көрсетеді деп санайды. Ал Қазақстанда керісінше, әйелдер нәзік жандылар қатарынан екендігін байқататын әдемі көйлектер киюді жөн көреді. Алматылықтардың бұлай киіну әдебі мәскеуліктерден гөрі киевтіктерге жақын», — дейді директор.

Давиденко қазақстандық жігіттердің әйел затына өзі үшін кафеде төлеуге қарсы екендігіне таң қалған. Мәскеуде өз тапсырыстарына өзі төлеуге әдеттенген ол Қазақстандағы іскери кездесуде жігіттерді ренжітіп алғандығын айтты.

Қазақтардың кешігуді ағаттық санамайтынын Давиденко да байқаған көрінеді.

«Егер сіз кешігуге дағдыланған адам болсаңыз, Қазақстан – сіздің еліңіз. Оларда немістердегідей тура уақытында келу міндеттелмеген. Мұнымен қоса, Алматыда такси жүргізушісі көшені дұрыс білмей жатса таң қалмаңыз. Олар сізді ай далаға апарып, адастық десе де ғажап емес. Бұл орайда кездесуге кешігіп жатсаңыз, халқының мұны сабырмен қабылдайтындығы құтқарады», — деп әйел ойымен бөлісті.

Давиденко сұхбат соңында Қазақстанның қонақжайлылығын да сөз етті.

«Қонақтарды бұл жерде әбден тойдырады. Тіпті, қатты тойдырып жібереді десем де артық болмас. Тамақтан аз алсаң кәдімгідей ренжиді. Егер салмақ жинаудан қорықсаңыз, Қазақстанда сізге ауыр тиеді. Сізді «өткен жолы дұрыс жемедің» деп екі есе тойдыратындары да табылады», — деп ескертті атқарушы директор.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз