Бүгін Алматыда «Мирас» балабақшасы ашылды. Үшқабатты 140 орындық ғимаратта 64 тәрбиеші жұмыс істейді. Мұнда бүлдіршіннің жан-жақты дамып, мектепалды толыққанды білім алуына бар жағдай жасалған. Өзінің кітапханасы, тіпті суға шомылатын арнайы хауызы бар балабақшада шығармашылықпен айналысып, спорттық үйірмелерге қатысуға мүмкіндік жеткілікті. 2-6 жас аралығындағы балаларды қабылдайтын мекемеде кішкентай бүлдіршіндер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сөйлейді. Ал балабақшаның алғашқы тәрбиеленушілері бүгін қонақтардың алдында өздерінің өнерлерін көрсетіп те үлгерді. Гүлнәр Тінәлиева, «Мирас» балабақшасының әдіскері: – Біздің «Мирас» балабақшасында «мирас» деген бағдарламамен жұмыс істейміз. Ол – кіріктірілген бағдарлама. Бұл жерде Монтессори педагогикасына көп көңіл бөлеміз. Өйткені балалар кішкентайынан өз-өзіне қызмет істеп үйренулері керек. Бір ыдыстан екінші ыдысқа сұйық заттарды құйып, өзінің киімдерін түймелеп, бауларын байлап үйренулері керек. Соған көп көңіл бөлеміз.
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/o-am/item/58536-shyldy