Германиялық кәсіпкерлер отандық кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс істеуге ниетті Неміс кәсіпкерлері Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстанмен қоян-қолтық жұмыс істеуге ниет білдіріп отыр. Осыған орай ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бастаған делегация Майндағы Франкфурт қаласына жетті. Жиында неміс кәсіпкерлері мен потенциалды инвесторлары Қазақстан, Ресей, Беларусь және Армения елдері арасындағы еркін сауда аймағының жұмысымен танысты. Сонымен қатар осы басқосуда Қазақстанмен арадағы алыс-берісті кеңейту мүмкіншіліктерін талқылады. Қазақстанмен ынтымақтастық құруға қызығушылықтың артуы бекер емес. Еуразиялық экономикалық одақ зор мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Жыл басынан бері жұмыс істей бастаған жаңа ұйым Германиядағы іскер адамдардың арасында беделге ие болып, жиі талқыланатын болды. Олай болуы заңды да. Өйткені олар үшін 170 млн халқы бар алып нарыққа жол ашылады. Валерий Ларин, BLÜCHER компаниясы президентінің кеңесшісі: – Біздің компания үш түрлі саланы қамтиды. Олар: қорғаныш киімдері, жеке басты қорғау құралдары және су мен ауаны тазалау. Біз үшін, ең алдымен, Қазақстан мен оның Еуразиялық экономикалық одақтағы орны, өңірде біртұтас заңнамалық базаның болатыны қызықтырады. Өйткені онда Қазақстандағы инвесторлар үшін мол мүмкіндік пайда болуымен қоса бірқатар жеңілдік жасалады. Техника, құрал-жабдық, білімімен бөлісу сияқты Германияның бізге берері мол. Қазірдің өзінде өндірістік компаниялардың дені өнімін өткізуді ғана көздемейді. Қазақстанмен бірлесе отырып тауар шығаруды ұсынып жатыр. Ян-Хенрик Моор, CLAAS компаниясының басқарма мүшесі: – Біз трактор, дәнді-дақылдарды жинайтын машиналар және комбайндарды өндіреміз. Нарықта жұмыс істеп жатқанымызға 100 жылдан асты. Өнімге деген сұраныс мол. Әлемдегі бірнеше елмен бірге қоян-қолтық жұмыс істеп жатырмыз. Таяуда Қазақстанмен бірлескен жоба жасау жоспарда бар. Өйткені бұл – беделді әрі мүмкіншілігі зор мемлекет. Еуразиялық экономикалық одақ аясында ынтымақтастық орнатуға дайынбыз. Бір жылдан кейін Қазақстан, Ресей, Беларусь, Армения және жуық арада ұйымға мүше болар Қырғызстан ортақ фармацевтикалық нарық құрады. Келешекте электр энергетикасымен қоса, мұнай және газ салаларында да бірлесуге ниетті. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің жоспарлары да, мүмкіншіліктері де ұшан-теңіз. Осы орайда өздерінің пайдасын есепшотқа салып үлгерген неміс кәсіпкерлері мен инвесторлары сырттан бақылап қана қоймай, белсенді араласуды қалайды.
Источник: http://24.kz/kz/zhanalyktar2/ekonomika/item/58539-ietti