Қызыл су Қарағанды облысының берекесін әбден қашырып жатыр. Енді тасқыннан Абай мен Жаңаарқа аудандары зардап шегуде деп хабарлайды КТК арнасы.
Соңғы екі күннен бері су Абай қаласын шайып, Жаңарқадағы 5-6 ауылдың астаң -кестеңін шығарған. Адам шығыны жоқ. Бірақ қырылған мал мен қираған дүние -мүлік көп. Иен даланы басып жатқан тасқын тіпті тас жолдардан асып ағып, қозғалысты тұралатты. Абай қаласына тасқын тосыннан келгенде, мұндайды көрмеген жұрт әбден састы.
Түс ауа кірген су таң атқанша бір ықшамауданды шайып, ағып өтіп кеткен. Есесіне үйлер мен электр станциялары суға лық толған да, жарық сөнген. Енді жер кеппейінше жұрт қараңғыда отыратын болады.
“Бірінші Абайға келдік. Одан кейін қайтарды бізді. Содан 70 шақырым айналып келіп тұрмыз. Кешелі беі тұрмыз”, – дейді көлік жүргізушісі Қызылбай Сәдуақасов.
Көлік жүргізушілерінің барлығы Қарағанды-Жезқазған тас жолының Топар ауылының тұсында тұралап тұр. Полиция аттап алға бастырмайды. Өйткені иен далаға симай кеткен қызыл су тас жолдың астынан ағыс таба алмай, үстіннен өтіп жатыр
Көлік жүргізушілерінің барлығы Қарағанды-Жезқазған тас жолының Топар ауылының тұсында тұралап тұр. Полиция аттап алға бастырмайды. Өйткені иен далаға симай кеткен қызыл су тас жолдың астынан ағыс таба алмай, үстіннен өтіп жатыр. Жаңаарқа ауданына дейінгі аумақта су осындай үш жерден өткел тапқан.
Мамандар ағысы ең қатты болған жерге тас, топырақ әкеп төккенімен, су оны бұйым құрлы көрмей жатыр.
“Тасыған тастарымызды су шайып кетті. Енді резервке тасып қойып жатырмыз. Судың деңгейі басылған кезде мына жерді жылдам қалпына келтіреміз”, – дейді “Қазавтожол” АҚ қызметкері Бақтияр Смайылов.
18 техника жұмыс істеп тұр. Аузы мұрны суға толған Ақшағат ауылы – Жаңарқа ауданындағы қызыл судың қырын алғаш көрген елді-мекен. Белден асатын тасқын нөпірмен кеп соққанда, ауылдың астаң-кестеңі шыққан.
“Байтал түгіл бас қайғы” деп жандарын шүберекке түйген жұрт бытырай қашыпты.
Қашып қораның үстіне шығып кеттік. Басқа ештеңе істей алған жоқпын. Өзімізді құтқару керек болды
“Қашып қораның үстіне шығып кеттік. Басқа ештеңе істей алған жоқпын. Өзімізді құтқару керек болды. Малымыздың жартысын төбеге шығарып үлгердік”, – дейді Ақшағат ауылының тұрғыны Гүлмира Берденова.
Ал шығарып үлгермегендердің қорасында өліктері борсып жатыр. Тірілері қора-қопсының үстінде бүрсеңдеп тұр. Кейін құтқарушылар қайық әкеп жұртты жағаға шығарыпты. Дегенмен төтенше жағдайлар қызметіне тұрғындардың өкпесі қара қазандай. Болары болғанда ғана бір техника тауып, ауылдың етегіндегі бөгетті жырғанда ғана су қайта бастаған.
Шет ауданындағы ондаған ауылды аяғынан тік тұрғызған тасқын су Жаңаарқа ауданына да жетті. Енді қызыл су мұндағылардың берекесін қашырып жатыр. Бірақ бұл мұнымен тоқтамамақ емес. Менің артымда ағып жатқан тасқын су енді облыстың солтүстігінде жатқан Нұра ауданына өте үлкен қауіп төндіріп тұр.
Дереккөз: КТК арнасы
http://www.nur.kz/363859.html