ҰБТ таяғанда ата-ана мен оқушыға мектеп қысымы күшейді

0
45

Мектеп түлектерінен ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш қабылдана бастады. Астаналық кейбір ата-ана “мұғалімдер баламызды тестілеуге жібергісі келмейді” деген шағым айтты.

Photo: ҰБТ таяғанда ата-ана мен оқушыға мектеп қысымы күшейді

Астанадағы № 4 мектептің 11- сынып оқушысы Аңсар Бейсенбек болашақ мамандығын әлі таңдамаған. Оның әкесі Сәрсенбек Бейсенбек баласын “мектеп басшылары ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ-ға) жібергісі келмей отырғанын” айтып шағымданды.

“Ұлым керемет оқиды деп айтпаймын. Бірақ дайындық тестілеуде 70 ұпайға дейін алып жүр. Ал мектеп директоры орынбасары “ЖОО-ға түскілеріңіз келсе, Қазақ-Ресей университетіне барыңыздар, ол жерге ҰБТ қорытындысы қажет емес, аттестатпен қабылдайды. Ұлыңыз тест тапсыра алмайды және мектептің үлгерім көрсеткішін төмендетеді”, – деген жауап алдым дейді Сәрсенбек Бейсенбек.

Бірақ Сәрсенбек Бейсенбек өзінен сұраған [ҰБТ тапсырмаймыз деген] өтініштерін жазбай кетіп қалған.

Ал бұл мектептің директор орынбасары Айгүл Қашаева мұны теріске шығарды. Оның айтуынша, “Оқушыға ҰБТ-ға қатыспа” деген талапты ешкім қоя алмайды. Ондайға мектеп басшылығының, мұғалімдердің құқығы жоқ”. Қашаеваның айтуынша, ҰБТ-ға байланысты мектеп өкілдері ата-аналармен кездесу өткізе бастағаны рас, бірақ ондағы әңгіменің мазмұны басқа.

Мектеп басшылығының айтуынша, биыл № 4 орта мектепті 96 оқушы бітіреді. Олардың дені ҰБТ тапсырмақ. Алайда осы мектептің 11-сынып оқушысы Серік Нұрмағамбетов Азаттыққа “тест тапсырмайтынын” айтты.

Оның сөзіне қарағанда, мұғалімдер “ҰБТ-ға қатыспа!” деген. Ал оқушының анасы Гүлбақыт Нұрмағамбетова “мұғалімдер өзін шақыртып, баласының үлгерімі нашар екенін, тестілеуден өте алмайтынын ескерткенін” айтады.

Құлағымды жеп қойған соң тест тапсырмау жөнінде сұраған өтінішін жазып беріп тынышталдық

“Құлағымды жеп қойған соң тест тапсырмау жөнінде сұраған өтінішін жазып беріп тынышталдық”, – дейді Гүлбақыт Нұрмағамбетова .

Астана мектептерінің бірінде алты жыл мұғалім болып еңбек еткен Тыныштық Қыдырбаева “үлгерімі нашар оқушыны ҰБТ-ға қатыстырмау жайында мектеп ішінде ата-анамен оңаша әңгіме жүретінін” жасырмайды.

Оның айтуынша, “ондай әңгіменің шығуына мектептің ҰБТ-дан шығатын көрсеткіші кінәлі”. Түлектердің “көрсеткіші төмен болса, мұғалімдер сүйкімсіз атанып, “орныңнан кетесің”, “категорияңыз бір сатыға төмендейді” дегендей сөгіс алып, мектепті тексеретін комиссия жиілейді” екен.

Алайда Астана қаласы білім басқармасы орта білім беру бөлімі басшысы Ботагөз Жүнісованың сөзіне қарағанда, түлектер де, ата-аналар да ҰБТ-ға қатысу-қатыспау туралы шешімдерін өздері қабылдайды.

Бірі “шетелде оқимын”, енді бірі “тапсырмаймын” деп өтініш жазып тастайды. Соңында бірінің шетелге ақшасы жетпей қалады. Екіншісі тәуекелге бел байлап, тест тапсырмақ болады. Ал баласы мектепті биыл бітіретін Сәрсенбек Бейсенбек “ҰБТ тапсырмаймын” деген өтінішті бәрібір жазбаймын. Балам бағын сынайды. Мұғалімдердікі дұрыс емес. Министр блогына жазып жібердім” дейді.

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз