Оверфилософиялық дала заңы және бүгінгі қазақ қоғамы

0
65

4ff0538cda7a9

Назар аударыңыздар! Алдарыңыздағы мақаланың авторы сіз күткендей керемет емес, керемет заттарды жазбайды да. Ақылдың кемелін, тұщымды ойларды Абай, Шәкәрім, Мұхтар, Ілиястан бастап, Достоевский, Паланик, Гарсиа Маркестен табуға болады. Сондықтан, егер 5 минуттай уақытыңыз бос өтпесін десеңіз, аталмыш жазушылардың немесе ұнаған жазушыңызды тағы бір рет оқып шығыңыз.

Ал, мен «не болса да оқимын» деушілер табылар деген үмітпен, аздаған топқа ойыммен бөлісейін.

Өзімді пенде ретінде сезініп жүргеніме көп болды. Адам емес, жануардан еш айырмасы жоқ пенде ретінде. Менде «оверфилософиялық»  деңгейдегі дала заңдарының қағидаларымен тамаша (басқа айтар теңеу жоқ) өмір сүрген қазақ бабамның қалдығы да білінбейді. Мен Шыңғысханға естірткен «Ақсақ құланнан» «балаң өлді, балаң өлді» деген сөздерін естімеймін. Мен үшін ол – әдемі аңыз. Қазақтың 7 атаға дейін неге қыз алыспай, беріспеген себебін де ұстаздан жақында білдім. Бұдан жылқы түгілі, басқа да аң-жануарға назар да аудармағанымды түсіндім. Хат тасушы кептерлердің ұрпағымен де тіл табыса алмадым, анда-санда жер шоқып қалған құсқа «сенің де күйің осыған жеткен-ау» деп қоямын. Табиғатпен етене байланыстағы ұлтымның жәдігерін әлі де толық бағала алмай келе жатқаным да бар. Құл иеленушілік пен феодализм орнаған заманда, одан жоғары болып, рулық қауымдастықтың «өзін-өзі басқару» формасына жеткен қазақтың қаны маған дейін сарқылып біткендей. Кейбіреуден Қазақтың биік рухы, қайсар қаны еміс-еміс білініп қоймаса, ұлтымның ұлылығын жоғалтып алғандаймыз ба, осы?! Мысалы, менің қазіргі халім қандай? Абай мен Ахаңның, Міржақып пен Шәкәрімдердің «маңдаймен тегістеген жолын, аяқпен басуға» да келмейді. Жетпейді оларға деңгейім (Соңғы айда мүлдем жазбай кеткенім де содан). Жазатын нәрсенің жоқтығынан емес, керісінше, көптігінен. Көбіміздің күнделікті күйбең тіршіліктің қамымен күбір-күбір әңгімеден, біреуді жамандап, өзіңді мақтағаннан қолымыздың босамай жүргені рас. Әрекет етіп, оңды істермен, міне, 19 жылдан асты, көрінгенім шамалы. Не істеп жүрмін сонда? Жазамын деймін, сөйтсем, жазуға да батылым жетпей жүр екен (бұрынғы қазақтың ұлылығын жоғалтқаныма намыстанғаннан шығар. Бірақ, ерді өлтірер сол намыс барлығымаздан табылар ма?) Ұрпағың Әлихан көрсе, не дер екен?

Сөйтсе де, мені (пендені) ойландырып жүрген біршама сауалдар бар. соларды жазғым келеді, сіздермен бөліскім келеді… Кім біледі, мүмкін олар сізді де мазалап жүрген шығар деп қоям.

Мағауиннің «… тәуелсіздік алған – еліңіз емес, ежелгі партиялық номенклатура болып шықты» деп жазғаны бар. Сондай ойды мен орыс саясаттанушысы Дугиннен де оқыған болатынмын. Ол 2000 жылғы еңбегінде: «… бүгінгі таңда ТМД елдері әжептәуір автономиялық деңгейге ие және де-юре тәуелсіз саяси құрылым болып саналады. Бұл елдердегі құрылымдарда, РФ сияқты, нағыз мемлекеттіліктің ешқандай маңызды белгілері жоқ, тұрақты және нақты геосаяси бірліктердің орнына дәйекті тәуелсіздіктің атрибутикасынан айырылған «территориалды процестің» үлгісі ғана қалғанын (үлкен негізде) айта аламыз», – деп жазады. КСРО сынды үлкен картинаның бөлігі ретінде ғана бөлініп қалған Қазақстанның билігі – Қазақ елінің билігі емес, ҚазАКСР-інің соңғы буынының билігінің жалғасы. (Бұл жерде аудитория екіге бөлінеді: біреуі келіседі, екіншісі жоқ. Қазақтың көпжылды күресінің нәтижесі деп түсінетін ұлтжанды азаматтарға Қазақстанның КСРО құрамынан соңғы болып, еш мемлекет қалмағанда шыққанын еске түсіргім келеді. Ал, «партиялық биліктің жалғасы екенін баяғыдан-ақ түсінгенбіз» дейтіндерге айтарым мынау: (Кей заттарды білсеңіз де, түсінсеңіз де жазған маңызды). Сонымен, қазіргі Қазақстан – бұдан 550 жыл бұрынғы Қазақ хандығы емес, Кенесары мен Махамбет болған қазақ та емес, (Еділ (Аттила) мен Тұмар патшайымды тіпті айтуға келмейді), ол XIX ғасырдың аяғы мен XX басындағы қазақ та емес. Жоқ, қазақтығымызды, даналығымызды, өрлігімізді жоғалтқалы қашан… Өкінішті… Оны жазғым да келмей кетті.

Басқа салаға көшейік, Tengrinews-тың хабарлауы бойынша, соңғы 20 жылдағы 5311 ашылмаған қасақана адам өлімінің 49-ы ғана, яғни 0,9%, ашылды. Қорқынышты сандар… Ал, егер, адамды өлтіру оқиғасы бұдан 500 жылдай бұрын Түркияда, Сұлтан Сүлеймен Канунидің кезеңінде орын алса, онда жазалау шарттары мүлдем басқаша болатын еді. Адам өлімі орын алған жерден қылмыскер табылмаған жағдайда, «қаза тапқанның айғайы естіледі-ау» деген маңдағы адамдар құн төлеген. Маңайда тұрғылықты ғимарат табылмаған жағдайда, ол құнның ақысы мемлекет қазынасынан бөлінген. Егер, шынында да, әрбіріміз көршімізге, көшемізге мұқият болып, жай ғана өте шықпай, тиісті органдарға хабарлассақ та, көмектессек, онда қылмыстың әшкерелену көрсеткіші өсер ме еді?! (Толық құн, жарты құн ұғымдары Қазақ хандығы түсында да болғаны белгілі, Жеті Жарғыны еске түсіріңіз).

Аталмыш екі ой – соңғы екі күннің толғауы болатын. Енді басқаша жазуға, оқуға көбірек тырысамын деп шештім. Қазақтың Сонау Ұлылығы қайтып келмес, бірақ үміт, не болса да, соңғы өлмей ме?! Бәлкім, XXI ғасырдың Абайы балабақшада тәрбиеленіп жүрген шығар…

Құралай Исаева

«Қамшы» сілтейді

Пікір жазу

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз